Экология

“Climate week” жастар фестивалі бастау алды

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-да “Climate week” атты халықаралық жастар фестивалі басталды. Оған еліміздегі 14 жоғары оқу орнынан жиналған студенттер қатысып жатыр. Сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан және Германиядан келген жастар да бар.

РӘШИТ БЕЛГІБАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ операциялар, трансформациялар және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі:

– Бүгінгі фестивальге Қазақстанмен қатар, Ресейдің, Өзбекстанның студенттері қатысады. Іс-шараның мақсаты – экологиялық сұрақтарға назар аудару. Студенттер арасында осындай жобалар өткізу өте маңызды. Себебі, жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан, оларды осындай пайдалы дүниелерге тартқан дұрыс. Мәселені шешуге өз үлестерін қосады деп ойлаймыз.

Аталмыш іс-шара 5 күнге созылады. Алғашқы 2 күнде студенттер өздерінің жобаларын қорғайды. Иван Савушкин Мәскеу қаласынан келіп отыр. “Өз саласының білікті маманы болу үшін осындай шараларға жиі қатысамын”-, дейді.

ИВАН САВУШКИН, студент, РФ:

– Мен география пәні мұғалімі мамандығына оқып жатырмын. Бұл шараның менің мамандығыма тікелей байланысы бар деп ойлаймын. Қазақстандық жастармен танысып, білім, тәжірибе алмасу – менің басты мақсатым. Сондай, ақ көршілес елдің экологиялық мәселелерімен таныс болғым келеді.

Ал, Алмас Самаев – Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің 3-ші курс студенті. Жас ғалым стартап жобаларды жүзеге асыруда.

АЛМАС САМАЕВ, студент, Алматы қаласы:

– Жалпы, Қазақстанда экологиялық мәселелер көп. Арал теңізінің тартылуы, судың жетіспеушілігі, полигондар және тағы басқасы. Алматы қаласынан 4 адам болып келдік. Біз көтеретін тақырыптар өте маңызды және қызықты. Мәселен, мен шиналарды қайта өңдеу туралы жоба қорғаймын. Ал бір студент қарапайым камера арқылы өсімдіктердің улы немесе улы емес екендігін анықтауға мүмкіндік беретін жоба әзірледі.

Ресми бөлім аяқталған соң фестиваль Имантау көлінің жағасында жалғасын табады.

 

Аснурия Абдула