Қоғам

Апаттық деп танылған мектептің оқушылары өзге мектепке көшіріледі

Оқушылар мен педагогтар өзге білім ұясына көшіріледі. Петропавлдың Кирпичный ықшам ауданында орналасқан №19-шы бастауыш мектебі апаттық деп танылды. Мұнда 44 бала оқиды және 6 мұғалім мен 4 қызметкер еңбек етеді.

ДИНАРА РАҚЫШЕВА, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Бұл мектеп 1959-шы жылы салынған. Апаттық деп 2022-ші жылдың қарашасында танылды. Балалардың психологиялық жағдайларын сақтау мақсатында оқу жылын ұл-қыздар осы мектепте аяқтады.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ата-аналарға балаларды №4 және №23 орта мектептерге көшіру бойынша ұсыныс білдірдік. Оқушылар күнде ақысыз негізде тасымалданатын болады. Көлігіміз бар. Қажеттілік туындаса тағы көлік бөлеміз. Балалар тегін түскі аспен де қамтылады. Аталған білім ұяларында бар жағдай жасалған.

№4 және 23-ші орта мектептерінде орын бар. Бейінді басқарма өкілдері апаттық деп танылған білім ұясындағы оқушыларды сыныппен көшіруді жоспарлап отыр. Жаңа ортада ұл-қыздармен психолог мамандар жұмыс істейтін болады. Дегенмен, ата-аналар балаларын өзге мектептерге де бере алады. Бұған шектеу қойылмайды.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– №19-шы бастауыш мектебінің ұстаздарына бос орындар ұсынылды. Вакансия №4 және №23 орта мектептерде де бар. Осыны педагогтарға хабарладық. Мұғалімдерден жауап күтіп отырмыз. Ешкім жұмыссыз қалмайды. Мәселе – біздің бақылауымызда.

Апаттық деп танылған №19-шы бастауыш мектебінің алдағы тағдыры белгісіз. Өзекті мәселе жақын арада қаралып, тиісті шешім қабылданбақ.

 

Алдияр Айтпаев