Сенбі күні қаладағы 6637 әскери бөлімінің 200-ге жуық сарбазы ант қабылдады. Олар өңірімізге Отан алдындағы борышын өтеу үшін еліміздің 4 облысынан келіпті. Бастарын тік ұстап, жаңа өмірдің табалдырығын аттауға сақадай сай тұр.
Ант қабылданды. Сап түзеп тұрған мына жауынгерлер ел тыныштығын сақтаймын, адал қызмет етемін деп серт берді. Ресми түрде әскер қатарына қосылды.
Қуанышбек Ғабиден Қарағанды облысының Балқаш қаласынан келіпті. Жігерлі жігіт 40 күннің ішінде темірдей тәртіпке үйреніп, шыңдалыпты. Тиісті оқудан өтіп, қару ұстауды үйренген.
ҚУАНЫШБЕК ҒАБИДЕН, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:
– Менің әскери қызметім маусымның 24-інен басталды. Сол кезден бері оқу атыс жағдайларын үйрендім. Тәртіпке бағынған құл болмас дегендей, бұл жердің тәртібіне де үйрендім. Оқу пунктінде қай жағдайда қандай материалды қолдану керек екенін білдім. Қауіпсіздік жағдайлар – бірінші орында.
Ант қабылдағаннан кейін жігіттер қызметтік тапсырмаларды орындау үшін бөліністерге жіберіледі. Яғни, сарбаз ретінде қызмет етіп, өз міндеттерін орындауға кіріседі.
МАҚСАТ МҰҚАЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
– Бүгін біздің әскери бөлімде мейрам. Жас толықтырушылар әскери ант қабылдау рәсімінен өтіп жатыр. Еліміздің 4 өңірінен: Түркістан, Қарағанды, Қоостанай және Ақмола облысынан келіп отыр. Ант қабылдап болғаннан кейін олар 2 жұма бойы дайындық сабақтарынан өтеді.
Осы 200-ге жуық сарбаз қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерді күзетуге тартылады.
Акжунис Мухатай