Петропавлда автоспорттан республикалық турнирдің 3-ші кезеңі өтті. Жарысқа 8 қаладан 40-тан астам қатысушы жиналып отыр.
ЕВГЕНИЙ МУРЫГИН, жарысты ұйымдастырушы:
– Қатысушылар өте тәжірибелі. Барлық ережені біледі. Бұл сайыс дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Жазда 3 ай бойы 1-ші жексенбіде өткізіледі. Ал қыркүйектің соңында жабылу салтанаты болады. Спортшылардың мақсаты – жарысу ғана емес, қайырымдылық ретінде мұқтаж жандарға қаржы жинау.
Автошабандоздар 2100 метрді бағындырулары қажет. Жарыс жолына 2 көліктен шығады. Әрі жылдам жүріп, әрі кедергілерден мүдірмей өту қажет. Александр Загороднев – автокросстан спорт шеберлігіне үміткер. Спорттың осы бағытын таңдағанына 17 жылдың жүзі болған.
АЛЕКСАНДР ЗАГОРОДНЕВ, автошабандоз, Көкшетау қаласы:
– Мен автоспортқа 2006 жылы бет бұрдым. Қызығушылық картингтен басталды. Әкем баулыды. Мына менің көлігім автокроссқа және қысқы жарыстарға арналған. Петропавлға жарысқа 3-ші рет келіп отырмын.
Адреналинге толы спорт түрінің қаупі де аз емес. Көз алдымызда жүйткіп келе жатқан көліктің алдыңғы жағы көк түтінге оранды. Мамандар жүгіре жөнелді.
Жарысқа қатысатын көлік түріне қатысты белгілі бір талап жоқ. Жүруге жарамды, өшіп қалмайтын болса болғаны. Мына ВАЗ2106 маркалы көлік 72-ші жылы шығарылған. Ескі деп айтсақ та, осы уақытқа дейін біразын шаң қаптырыпты.
ЕВГЕНИЙ МАРКОВ, автошабандоз, Петропавл қаласы:
– Бұл көлікті атам сатып алған. 2015 жылы маған берді. Сосын оны автоспортқа дайындай бастадым. Алғаш рет сол жылы қатыстым. 2-ші орын алдым. 2017-ден бастап сайыстардың бірде-бірін қалдырған емеспін. Шыдас беріп келе жатыр. Қуаты күшті. Негізінен, бұл көлікпен қысқы сайыстарға қатысу әлдеқайда жеңіл. Газбен жүреді.
Артур Набиулин – автошабандоздардың ішіндегі ең жасы. Өзі небәрі тоғызда ғана. Қазірден көліктің қыр-сырын жақсы таниды.
АРТУР НАБИУЛИН, автошабандоз, Көкшетау қаласы:
– Мен автоспортпен жарты жылдан бері айналысамын. Жүлдем бар. Бір сайыстан 3-ші орын алғанмын. Әкем де осы спортпен айналысады. Басында жылдамдықтан сескендім. Ақыры қорқынышымды жеңдім.
Осы орайда кәмелетке толмаған бала қалай рөлге отырады деген сұрақ туындауы мүмкін. Автоспортқа қатысам деуші жасөспірімдер сақтандырылып, оларға арнайы лизенция беріледі.
Аснурия Абдула