Тамыздың 1-і күні Тайынша ауданындағы «EMC AGRO» серіктестігінде 4 жұмысшының қаза тапқаны хабарланды. Алдын ала болжам бойынша олар тереңдігі 8 метр болатын кәріздік жинақтаушыны тазалау барысында көз жұмған. Марқұмдардың денесі медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиға орнына облыс әкімі Айдарбек Сапаров, оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, полиция департаментінің бастығы, Тайынша ауданының прокуроры және мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы барды. Өңір жетекшісінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Айдарбек Сапаров қаза тапқан жандардың жақындарына көңіл айтты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Комиссия құрамына кімдердің кіретінін қарап, тексеріңіздер. Марқұмдардың туған-туыстарымен кездесіп, сабырға шақыру керек. Аудан әкімі мен кәсіпорын басшысы жерлеуді өз қолына алсын. Компания барлық шығындарды өтеуі керек. Мұнымен шектелуге болмайды. Қаза тапқан жандардың отбасы мүшелерінде несиелері немесе басқа да қарыздары болса, жауып, жан-жақты көмек көрсетуге тиіссіздер.
Байболат Култанов