Қоғам

Мерекелердің жаңа тізімі бекітілді

Қазақстанда шілде айының соңында үкімет қаулысымен мерекелердің жаңа тізімі бекітілді. Ресми мәлімет бойынша, жаңа тізімде 19 мереке бар. Оның 4-еуі көктем айларында, 6-уы жазда, 8-і күзде болса, біреуі қыста аталып өтіледі. Бертін келе Абай күні мен Домбыра күні ресми түрде мерекелер қатарына енгізілген болатын.

– Домбыра күні аталып өтілетіндігі қуанышты жайт. Әсіресе, жастар үшін. Бұл ұлттық аспаптың үні тыңдаған адамның мәңгілік құлағында қалады.

– Менің ойымша, бұндай мерекелердің тойланғаны дұрыс. Әр бала атаулы күннің кімге және неге арналғанын біліп, маңызын түсінеді.

Әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ананың орнын айшықтау үшін аталып өтілетін “Аналар күні” мен “Әкелер күні” біздің елімізде де ресми мереке ретінде белгіленді. Аяулы аналар күні мамырдың екінші жексенбісі, ал асқар тау әкелер күні маусымның үшінші жексенбісі аталып өтілетін болады. Өңір тұрғындары бұл айтулы мерекелердің тойлануына қалай қарайды екен?

Сержан Нұртолқынұлы, қала тұрғыны:

– Жалпы, ата-ананы не үшін құрметтеуіміз керек? Бізді өмірге әкелгендігі үшін ғана ма? Жоқ, олай болмауы керек. Бізге жақсы тәрбие беріп, жақсы қадамдарға жетелеп, дұрыс бағыт-бағдар бере алғандары үшін құрметтеуіміз керек. “Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай” дейді қазақ. Осы бір сөздің астында терең мағына жатыр. Сол үшін бұл мерекелер қажет.

2023 жылы сәуірде “Мерекелер туралы” заңға түзету енгізіліп, оған сәйкес мереке күндерінің тізбесін белгілеу өкілеттілігі үкіметке жүктелді. Ал кәсіби мерекелердің тізімін бекіту функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Сондықтан, қабылданған түзетулерге сәйкес барлық кәсіби мереке бұрын қолданыста болған мерекелер тізімінен алынып тасталды. Еске салайы кетейік, елімізде бұдан басқа тағы 1 ұлттық, 9 мемлекеттік мереке бар.

Жаңа тізімде 19 мереке бар:

Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылған күні – 15 ақпан

Алғыс айту күні – 1 наурыз

Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр

ҚР Мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусым

Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі

Ұлттық домбыра күні – шілденің бірінші жексенбісі

Абай күні – 10 тамыз

Спорт күні – тамыз айының үшінші жексенбісі

Семей ядролық полигонының жабылған күні – 29 тамыз

Білім күні – 1 қыркүйек

Отбасы күні – қыркүйектің екінші жексенбісі

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні

Еңбек күні – қыркүйектің соңғы жексенбісі

Қарттар күні – 1 қазан

Нан күні – 16 қазан

Энергияны үнемдеу күні – 11 қараша

Ұлттық валюта күні – 15 қараша

ҚР Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсан

 

Акжунис Мухатай