Жол сапасы мен тұрғын үйлерді салу жұмыстары бағамдалды. Қала әкімі Серік Мұхамедиев журналистермен бірге құрылыс нысандарын аралады. Баспасөз туры Жамбыл Жабаев көшесінен басталды. Порфирьев, 60 мекенжайындағы үйдің ауласында қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Іске бірнеше компания жауапты. Жаңа асфальт, тротуарлар мен автотұрақтар тамыздың 15-іне дейін толықтай салынып бітуі тиіс.
ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– 314-ші атқыштар девизиясынан Алтынсарин көшесіне дейін аралық жол салынады. Мұндай жұмыс Жас Өркендегі екі көшеде атқарылмақ. Асфальт 1,2 шақырымға төселмек. Жол аудандағы барлық жаңа үйлерді кесіп өтпек.
Горкий көшесіндегі 14-ші,16-шы үйлер маңында да қызу жұмыстар жүргізілуде. “Энерджи-Тараз” компаниясы абаттандыру ісін мықтап қолға алған. Объектіге асфальт жақын арада жеткізіледі. Күні кеше жолдың негізіне сынама жүргізіліпті. Тағы мұнда балалар мен спорттық алаңқайлар салу жұмыстары да жүргізілмек. Кейін көпшілік Уәлиханов пен Жұмабаев көшелері қиылысатын аумақта орналасқан үйлерге бет алды. Мұндағы іске де “Энерджи-Тараз” компаниясы жауапты. Асфальт ертең төселеді. Ал абаттандыру жұмысы 15-ші тамызға дейін толығымен аяқталады деп сендірді мердігер.
ДӘУІРБЕК НҰРЫМҒАЛИЕВ, “Энерджи-Тараз” ЖШС директоры:
– Мамырдың 10-ына дейін кеспетас толығымен төселеді. Аулада футбол алаңы да болады. Бүгін үйлерді электр желісіне қостық. Су мен жылу құбырлары жуылып-шайылды. Асфальт төселіп болғаннан кейін ауланы көгалдандыру жұмысына кірісеміз.
Мұндағы мән-жаймен танысқаннан кейін тур қатысушылары Назарбаев көшесіне бет алды. Жолда Серік Мақсұтұлы жол салу жұмысының қарқынын баяндады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– 35 учаскеде асфальт төселуі тиіс. 27-сінде жұмыс басталды. 19-ында шаруа аяқталды. 3 жолды қабылдамадық. Себебі, сапасы нашар болды. Биылға тағы 2 млрд теңге бөлініп жатыр. Сол қаражатқа 14 конкурс өтіп жатыр. Биыл жұмыстарды бастаймыз. Келесі жылы аяқтаймыз. Осы ретте Солнечный мен Орман шағын аудандарында 4 көшені жөндеу бойынша конкурс өтуде.
Шаһар басшысы Жабаев және Назарбаев көшелерінде салынып жатқан жолдың сапасы өте жоғары екендігін атап өтті. Соңғысындағы жұмыстар бір апта бұрын басталған. Іс 5 шақырымда атқарылмақ. Жуковтан бастап салынған жаңа асфальт Смайылов көшесіне дейін жетпек. Жоба құны – 779 млн теңгн. Ал бұл – Берекедегі үйлер. Барлығы – 6 нысан. Баспаналарға “Мөлдір” серіктестігі 30-шы маусымға дейін инженерлік желілер өткізіп, абаттандыру жұмыстарын бітіруі тиіс еді. Қаржыландыру жағынан еш қиындық болмаған. Қосымша ақша да бөлінген. Бірақ, мердігер өз ісін абыроймен атқара алмады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Мердігер істеп үлгермеген жұмыстарды анықтауымыз керек. Кім-кімге қарыз екенін де біліп, есеп айырысамыз. Қалғаны сот аясында шешіледі. Бұл жаңа келісім-шарт жасасуға қыиндық тудырмайды.
Бұл үйді халық игілігіне қыркүйекте тапсыру көзделген. 600 пәтер әлеуметтік әлжуаз топтағы жандарға үлестірілмек.
Алдияр Айтпаев