Мәдениет

“Біздің Мағжан” көрмесі қанат жайды

“Біздің Мағжан”. Осындай атаумен облыстық кітапханада көрме ұйымдастырылды. Мұнда жиналған қауымға ақиық ақынның өмірбаяны айтылып, шығармалары мен Мағжан туралы құнды деректер баяндалды. Жұртшылыққа 300-ден астам туынды таныстырылды. Айта кетейік, тұрғындар кітапханаға Мағжанның шығармаларыннан бөлек, өмірбаянын оқуға жиі келеді екен.

Көрмеде Мағжанға Мәскеудегі Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқығандағы берілген құжаттың көшірмесі де бар. Ал біршама дүниенің ішінен “анкета арестованного”, “протокол допроса” деген сияқты көшірме құжаттарды көрген кезде денең түршігеді. Оқырмандар ақынның шығармашылығына қатысты біраз тың дүниені осы сөреден таба алады. Облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі Қайыржан Мәлікова ақын туралы былтыр жарыққа шыққан кітапқа тоқталып өтті.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім жетекшісі:

– Қолымдағы кітап – “Біздің Мағжан”. Ол 4 тілде жазылған. Мәдениет басқармасының қолдауымен 2022-ші жылы жарыққа шыққан. Бұл кітапта Мағжанның барлық қалада атқарған қызметі, сонымен қатар, шығармалары да берілген.

Мағжанды шетелде де жақсы таниды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов Германияда
өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысып келген. Жиынға 25 елден 2 мыңға жуық қазақ қатысыпты. Өңірімізден 150-ге жуық адам барған.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Биыл Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті. Мен оған Мағжанның педагогикасы жөнінде жұмысымды апардым және бала тәрбиесі жөнінде талқыладық.

Жанат Мұхамеджанов Мағжанды жастар арасында барынша насихаттау қажет дейді. Өйткені, оның өлеңдері сана-сезімге рухани азық береді.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Мағжанның шығармалары, өмірбаянын әрдайым насихаттап отыру қажет. Оның өлеңдері – бізге рухани азық. Ол – тек қазақтардың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мақтанышы.

“Біздің Мағжан” көрмесі жыл соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, оқырмандар ақынның шығармаларын мобильдік қосымша арқылы да оқи алады.

 

Гульден Симбаева