ТЖ

Өңірге жұмыс сапарымен ресейлік құтқарушылар келді

Өңірге жұмыс сапарымен РФ Түмен облыстық басқармасының бастығы Артур Хачатрян келді. Осыған орай облыстық әкімдік қабырғасында жиын өтті. Онда қос тарап халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, трансшекаралық табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою шаралары сөз болды. Жалпы, бір ғана біздің өңір Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен облысымен шектеседі. Шекараның ұзындығы – 1269 шақырым. Оның жартысы – орман.

АРТУР ХАЧАТРЯН, РФ ТЖМ Түмен облыстық басқармасының бастығы:

– Қазақстанмен шекаралас аумақтарға 194 адам мен 90 бірлік техника жұмылдырылған. 29 азамат пен 16 көлік төтенше жағдайлар министрлігіне қарайды. Олар жалынды болдырмау шараларын жүргізеді. Жалпы, өрт өрши түсетін биылғы кезеңде шекаралас аумақтарда 5 орман өрті тіркелді. Тілсіз жау 39,2 гектарды шарпыды. От дер кезінде құрықталды.

Бұдан бөлек, шекарада 67 дала өрт тіркелген. Аумағы 2,2 мың гектарды құраған. Биыл Түмен облысында от қаупі бар елді мекендерді анықтау мақсатында арнайы талдау жүргізіліпті. Нәтижесінде 857 аумақ анықталған. Оның 115-і Қазақстанмен шектеседі. Ресейлік мейманнан кейін облысымыздың бас құтқарушысы сөз алды. Рамиль Камалов қос тараптың жыл сайын тәжірибе алмасатынын алға тартты.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Биыл қос тарап екі штабты жаттығу ұйымдастырды. Шараға Түмен және Омбы облыстарының құтқарушылары қатысты. Әріптестерімізбен шекарадағы орман өртін ауыздықтау және көктемгі су тасқыны кезіндегі жұмыстар пысықталды. Мұндай жиын шілде айында да өтті. Онда қатарымызға павлодарлық мамандар қосылды. Ынтымақтастық шеңберінде әркез әріптестерімізге шекарадағы жағдайды баяндаймыз. Бірлесе шара қабылдаймыз.

Штабтық оқу-жаттығу жиындары келер жылы да ұйымдастырылмақ. Онда мамандар жол-көлік оқиғалары барысында әрекет ету шараларын пысықтайды. Осының аясында медициналық қызметкерлер де басқосуға қатыспақ. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев бұл бастаманы аяқсыз қалдырмау қажеттігін алға тартты.

 

Алдияр Айтпаев