Қоғам

Еңбек адамы

Тимирязев ауданындағы Дружба ауылы жылдан-жылға құлпырып келеді. Жаңа бастамалар бірінен соң бірі қолға алынып жатыр. Еңбек – алпыстың төртіне аяқ басқан Николай Усенковтыкі. Туып өскен жерінде хат таныған ер адам ауылды көркейтуді қолына алғанына ширек ғасырдың жүзі болған. Қазір білдей “Усенков” атты жеке қожалықты басқарып отыр.

НИКОЛАЙ УСЕНКОВ, “Усенков” ШҚ басшысы, Тимирязев ауданы:

– Мен еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Кейін бригадир болдым. Сөйтіп жүріп 95-ші жылы өз қожалығымды аштым. Басында қиын болды. Қазір жемісін көріп отырмын. Қазіргі таңда тұрақты түрде 3 адам жұмыс істейді. Алыс жақтың жұмысшылары үшін жатақхана да бар. Асханамен де қамтамасыз етілген.

260 тұрғыны бар бұл ауылда мектептен бастап медициналық пунктке дейін бой көтерген. 67-ші жылы салынған мектеп әлі күнге дейін күрделі жөндеу көрмегенімен, технологиялық оқу жабдықтарынан қалыс қалмапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Николай Усенков 6 су жаңа компьютер орнатқан. 40 оқушы білім алатын білім ұясының әр оқу кабинеті интеллектуалды тақтамен жабдықталған.

ЛЮБОВЬ АЯЖАНОВА, Интернационал орта мектебі директорының орынбасары, Тимирязев ауданы:

– Николай Усенков мектеп оқушыларының болашағы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Спорттық немесе шығармашылық сайыстар болса да өз тарапынан көмек көрсетеді. Түрлі мереке сайын балаларға сыйлықтар таратып, қуантады. Өткен жылы мектептің есіктерін жаңартып берді. Енді шатыры мен терезелері қалды. Жыл сайын көмірмен де қамтамасыз етеді.

Көп ауылда кездеспейтін Мәдениет үйі де бар бұл ауылда. Жарты бөлігі концерт залы болса, қалғаны – жастарға арналған жаттығу бөлмесі. Бөлме түрлі фитнестік құрал-жабдықтарға толы. Ауыл тұрғындары керектіні қаладан іздеп әуре болмайды. Қазір бұл жерге жуынатын жер ашу ойластырылып жатыр.

ҚАНАТ ИМАНЖАНОВ, Интернационал селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Ауылдағы үйлердің жартысына жуығына су ішке кіргізілген. Николай Усенков осы ауылдың тұрғыны болғандықтан, халықтың барлық мұң-мұқтажын назарында ұстайды. Қолынан келгенше көмектеседі. Қыс мезгілінде жол жөнінде ешқандай мәселе туындамайды. Тұрғындарға қандай да бір көмек қажет болса, шаруа қожалығының басшылығына жеке жүгіне алады.

Ауыл жастары салауатты өмір салтын ұстанады. Қыс болса хоккей, жаз болса футбол алаңы дайын тұрады. Николай Усенков барлығына бірдей спорттық киім алдыртқан. Ауыл балаларының спорттық жетістіктері де аз емес дейді Тимирязев ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армида Манукян.

АРМИДА МАНУКЯН, Тимирязев ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Николай Алексеевич Усенков – орны бөлек тұлға. Барлық салада өз көмегін ешқашан аяған емес. Спортты да елеусіз қалдырмайды. Қазір спорт алаңын бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бұл жерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, баскетбол, футбол ойнайтын құралдарды орналастырды.

Тарихи сәтке де куә болдық. Николай Усенков – достықтың қадірін жете түсінетін адам. Ер азамат ауылдасы әрі әріптесі, Ауған соғысының ардагері Серік Иманжановқа арнап ауылдың орталығынан ескерткіш орнатыпты.

НИКОЛАЙ УСЕНКОВ, “Усенков” ШҚ басшысы, Тимирязев ауданы:

– Серік Иманжанов осы ауылдың мектебінде білім алды. Әскерде борышын өтеді. Кейіннен екеуіміз бірге механизатор болып жұмыс істедік. Жолдас болдық. Өзі Ауған соғысына қатысып келген. “Қызыл жұлдыз” орденін иеленді. 2012 жылы жүрегі тоқтап қайтыс болды.

Айта кететін жайт, Дружба ауылында тағы бір еңселі ғимарат бой көтермек. Кезінде асхана болған, ал қазір қаңырап тұрған нысан ауылдың игілігі үшін пайдаланылғалы жатыр. Николай Усенков бұл жерді гүлдендіріп, ботаникалық бақшаға айналдырмақшы.

МАРҚАШ МАЛҚАРОВА, ауыл тұрғыны:

– Николай Алексеевич біз көшіп келген кезде бригадир болып жұмыс істеп жүрген. Қазір өзінің қожалығы бар. Ауылымызды көркейтуге өз күшін салып жатыр. Медициналық орталықта бар. Екі дәрігер қызмет етеді. Жұмыстарын тинақты орындайды. Ауырып барғандарға алғашқы көмек көрсетеді. Іші де таза.

Өз елінің патриоты, ауылының жанашыры Николай Усенков “Ер туған жерінде”деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған. 5 баланың әкесі бұл сөзді ұрпақтарына да өсиет етіпті. Қазір балалары Тимирязев ауданынан алыс кетпеген. Бірі мұғалім болса, бірі – аудандық прокурор.

 

Акжунис Мухатай