Спорт

“Qyzyljar” ФК елордалық “Astana” командасын тізе бүктірді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– “Qyzyljar” ФК көпшілік артқан сенімді ақтауы тиіс. Бүгін жергілікті ұжым елордалық “Astana” командасымен алаңда мықтыны анықтайды. Әзірге, спортсүйер көпшілік трибуналарға жайғасуда. Бірер сәттен кейін матч басталмақ. Осы ретте турнирлік таблицаға көз жүгіртейік. Петропавлдықтар кестенің – 6-шы, ал қонақтар 2-ші сатысына мықтап жайғасқан.

Қос команда үшін де бұл ойындағы 3 ұпай аса қажет. Себебі, қонақтар азулы “Ordabasy” ұжымын өкшелеп келеді, ал петропавлдықтар еуропалық деңгейдегі жарыстарда бақ сынауға дәмелі. Ол үшін құрама үздік төрттікке кіруі тиіс.

Матч кешкі 7-де басталды. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ астаналық ойыншылар алаң иелеріне қысым көрсетті. Елордалықтар қақпа маңын торуылдап, ұзақ уақыт матчты басқарды. Кейін петропавлдықтар бірнеше қауіпті қарымта шабуыл ұйымдастырды. Қақпа маңында айып добы да тағайындалды. Бірақ, одан нәтиже болмады.

Тайм соңында қос команданың да мысы басылды. Үзіліске ойыншылар бір де бір голсыз тарасты.

– Ойын жақсы өтіп жатыр. Біздікілер жақсы ойнауда. Осылай ойнай берсе бүгін жеңеді.
– Бүгін бізге жеңіс керек. Жеңсек 3-4 орынға шығуға мүмкіндігіміз бар. Ондай жағдайда Еуропаға барамыз.
– Астанадан келіп отырмын. “Astana” командасының жанкүйерімін. Ойын жақсы өтуде. Астана ойынды бақылау үстінде. Алаң иелері жақсы қорғануда.

Екінші таймда командалар шабуылды үдетті. Алаңға тыңнан ойыншылар қосылып, ойын қызи түсті. Қос ұжым да қақпаға бірнеше доптан бағыттап көрді. Бірақ, есеп ашылмады. Біресе қақпашылар көзге түсті, біресе доп қиыс кетіп немесе қақпа қырына тиіп жатты. Ойынның соңғы секундтарында алаң иелері есеп ашты.

Елордалық қорғаушылардан айласын асырып, көзге түскен – Рафаиль Оспанов. Ойыншы алаңға 2-ші таймда қосылғанын айта кету қажет. Жалпы, негізгі уақыттан кейін төрешілер ойынға 3 минут уақыт қосты. Бірақ, есеп сол күйі қалды. Қызылжарлықтар қоржынға 3 ұпай түсірді.

ЕРКІН ТАПАЛОВ, “Qyzyljar” ФК капитаны:

– Ойын өте қиын болды. Қарсыластар мықты. Еуропада қазір ойнап жүр. Өте қиын ойынға мықтап дайындалдық. Жеңіске жеттік. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет. Бізде тағы екі ойын бар. Мықтап дайындаламыз.

Бұл ойыннан кейін турнирлік таблицада теріскейліктер 1 саты жоғарылады. Келесі ойынды петропавлдықтар тамыздың 5-сі күні қонақта талдықорғандық “Jetisy”-ға қарсы өкізеді.

 

Аснурия Абдула