Спорт

Петропавлда спорттық челлендж өтті

Сенбі күні Пестрый көлінің жағасы жерлестерімізге лық толды. Демалушылардан бөлек мұнда арнайы спорттық челенджге қатысу үшін келгендер де бар. Тамыздың 2-сі күні теміржол қызметкерлері мен әуе-десанттық әскерлер қатарында борышын өтегендер өз мерекелерін атап өтеді. Биыл қос жақ мейрамға орай бірлесе қызықты шара ұйымдастыруды жөн көріпті.

БАҒЫТ ДЕМЕУ, СҚО бойынша десантшылар одағының мүшесі:

– Пестрое көлін жүзіп өтеміз. Сосын 10 шақырым жүгіреміз. Жастарға айтарым, әскерге барып, Отан алдындағы борыштарыңызды өтеңіздер.

Шара шымылдығын десантшылар ашты. Білекті азаматтарға бұл сынақ түк қиындық тудырмайтыны сөзсіз. Жерлестеріміз – құтқарушылардың қатаң бақылауында.

Әуе-десанттық әскерлерінің туы жағада желбіреп тұр. Онда азаматтарды жақындары күтуде. Бірінші болып мәреге Виталий Пенкин келді. Ол көлді 20 минутта кесіп өтті.

ВИТАЛИЙ ПЕНКИН, СҚО бойынша десантшылар одағының төрағасы:

– Қашықтықты оңай еңсердім. Өзімді керемет сезініп тұрмын. Сәл жел көтеріліп, толқындар бөгет болғаны болмаса бәрі жақсы. Соңғы жағында бар күшімді салып, қарқынды күшейттім.

Кейін азаматтар 10 шақырымға жүгірді. Осы кезде темір жол қызметкерлері веложарыста бақ сынасты. Максим Першин 10 шақырымды 15 минутта еңсерді.

МАКСИМ ПЕРШИН, жарысқа қатысушы:

– Қатарымыз қалың емес. Бірақ, соған қарамастан уақыты жақсы өткізудеміз. Өзара алған әсерімізбен бөлістік. Әр адам үнемі қозғалыста болуы керек.

Биылғы игі бастама дәстүрге айналмақ. Себебі, тәні сау адамның жаны да сау болады дейді ұйымдастырушылар.

 

Алдияр Айтпаев