Спорт

Петропавлда мотокросстан Қазақстан кубогы өтті

Петропавлда адреналинге толы спорт түрі – мотокросстан Қазақстан кубогының 2-ші кезеңі өтті. Мотоциклдің мүмкіндігі мойындалып, шабандоздың шапшаңдығы сыналатын сайысқа 6 команда, яғни 30-дан астам адам қатысты. Оның ішінде көршілес Ресейдің Тара қаласынан келген спортшылар да бар.

ЕВГЕНИЙ МУРЫГИН, жарысты ұйымдастырушы:

– Жарыс 2 күннен тұрады. 1-ші күн дайындық күні болды. Соның өзінде, төтенше жағдайлар, жарақат алғандар көп болды. Себебі, спортшылар көлігімен секіргенде 10 метрдей биіктікке көтеріледі. Жүру жолы да қауіпті. Қатыспаймын деп бас тартқандар бар. Жалпы, бұл турнир 5 кезеңнен тұрады. 1-кезең Астана қаласында өтті. Келесілері Павлодар, Астанада болса, қорытынды кезеңі Көкшетауда болады.

Қос дөңгелекті тұлпар тізгіндегендер сөреден сап етті. Олар ережеге белгіленген уақыт ішінде бірнеше айналым жасауы қажет. Жүріс жолының ұзақтығы 2 жарым шақырымды құрайды.

Тік көтерілу, құлау, бұрылыс сынды сынақтар сайыс саңлақтарын одан сайын сынай түсті. Әрине, ең бастысы – шапшаңдық. Жылдамдық жоғарылаған сайын жолдың қауіптілігі артып, қатері көбейді. Ең негізгі кедергі – иірім жолдар болған секілді. Мұндағы титтей қателіктің салдары ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін.

Игорь Гавриленко – мотоспорттың жілігін шағып, майын ішкен ардагер. Мотоциклдің құлағында ойнайтын ер азамат оны 40 жыл бұрын меңгерген.

ИГОРЬ ГАВРИЛЕНКО, жарыстың төрешісі, Астана қаласы:

– Петропавлда мотокросстан жарыс соңғы рет 2005 жылы өткен еді. Жалпы, мұндағы мотожол Қазақстандағы үздік жол дер едім. Еуропа кубогын өткізе алатындай мүмкіндігі бар. Егер тағы да дамытар болса, бұдан да деңгейі жоғары жарыстар өткізуге болады.

Жалпы, қатысушылар жастарына байланысты 6 санатқа бөлініп жарысты.
Бұл жарыста балалар да бой көрсетті. Көптің ішінде көзге түскен бұрымды қыз – Ксения Белякова. Жасы небәрі 10-да болса да ұлдар мен ер адамдардың арасында аламан доданы қыздырып жүр. Темір тұлпарын 1-ші сыныбында-ақ бағындырған екен.

КСЕНИЯ БЕЛЯКОВА, жарысқа қатысушы, Қарағанды облысы:

– Осы спортқа әкем баулыды. Өзі – 10 жыл, ағам 9 жыл бойы айналысады. Менде олардан қалыс қалған жоқпын. Жылдам жүру, биікке секіріп ұшу секілді трюктер қатты ұнайды. 20-ға жуық сайысқа қатыстым. Мотоциклмнің маркасы – КТМ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, халық арасында мотокроссқа деген қызығушылық едәуір артқан. Әрине, бұл – күш-жігерді және уақытты талап ететін спорт. Бірақ, алатын әсер соған тұрарлық.

– Жарыс ұнап жатыр. Көптен бері өткізілген жоқ. Петропавлдық мотоспортшылардың жанкүйермін.
– Мен өзім мотокросстан спорт шеберлігіне үміткермін. Мотоциклдердің ерекшелігі соншалық, таңқалып тұрмын.

Сайысқа қатысушының терген ұпайы қосылады. Әр бұрылысты таза әрі тиянақты жүріп өткен жылдам жүргізуші жеңіс тұғырына шықты. 2 санат та да 1-ші орынды Ресей командасының спортшылары Владимир Лукьяненко мен Александр Панов иеленді.

 

Аснурия Абдула