Ауыл шаруашылығы

Егін жинау науқанына дайындық

Егін егілді. Өнді, өсті. Ендігі мақсат – маңдай термен егілген азықты шашау шығармай жинап-теріп алу. Осы орайда Ғ.Мүсірепов ауданында науқанға қызу дайындық жүріп жатыр. «ES Global Agro» серіктестігінің 20 мың гектар жері бар. Оның 16 мыңын бидай алып жатыр.

МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES Global Agro» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біздің серіктестікте 16 комбайн бар. Маркасы – John Deеre. Көңілімізден шыққаны осы болды. Өте қуатты әрі тез жүретін техника. 2008 жылы арнайы шетелден алдырттық. Басқа да техникаларды 2016 жылы жаңарттық. Сондай-ақ, биылғы орақ маусымына 5 астық жинаушы, 6 Камаз және тағы 10-ға жуық көлік жұмылдырылады.

Яғни, серіктестіктегі техникалардың барлығы – америкалық компанияның өнімдері. Әзірге, Бірлік ауылы маңындағы машина-трактор станциясында жөндеуден өтіп жатыр.

ЕВГЕНИЙ ДИЛ, «ES Global agro» ЖШС бас инженері, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Қазір жөндеу цехында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, техникалардың майын, қозғалтқыштарын ауыстырамыз. Титтей де қателік кетпеуі керек. Себебі, үлкен комбайндардағы кішкентай ғана бөлік дұрыс болмаса ертең жұмыстың қарқынына әсер етеді. Техника сақадай сай тұрса, егілген де ысырапсыз жиналады.

 

Аснурия Абдула