Денсаулық сақтау

Биыл облыстық перинаталдық орталықта 2 жарым мыңнан астам бала дүниеге келді

Облыстық перинаталдық орталықта жарты жыл ішінде 2 жарым мыңнан астам сәби дүниеге келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамалы – небәрі 2 пайызға аз екен. Дүние есігін ашқан шақалақтардың көбі ұл балалар екен. Нәрестелердің 39-ы егіз. Жүкті келіншектердің 25 пайызы кесір тілігі арқылы босанған. Қазіргі уақытта перзентханада үшемге аяғы ауыр нәзікжанды ем қабылдап жатыр.

ГҮЛБАҚЫТ МЫРЗАБЕКОВА, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

– Тәулігіне 15-20 бала дүниеге келеді. Оның ішінде көбінесе әйелдер өздігімен босанады. Бір күнде 30-дан астам нәзікжанды түседі.

Перинаталдық орталықта биыл ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Мамандар мұны дәрігерлердің біліктілігі мен құрал-жабдықтардың жеткілікті деңгейде қамтылуымен түсіндіріп отыр. Мына “Кувез” деп аталатын аппаратқа шала туылған сәбилер жатқызылады. Орталықта мұндай жабдықтың 2 данасы бар.

ГҮЛБАҚЫТ МЫРЗАБЕКОВА, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

– Уақытынан бұрын босану деген 22 аптадан 36 аптаға дейін саналады. Осы аралықта босанған балаларды “Кувез” аппаратымен реанимацияға апарамыз.

Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшесінде 5 бала жатыр. Олардың екеуі уақытында, ал қалғаны мерзімінен ерте туылған. Жарты жыл ішінде жансақтау бөлімшесіне 100-ге жуық сәби жатып шыққан.

ДИНАРА АХМЕТЖАНОВА, облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер- неонатологы:

– Жансақтау бөлімінде ең кішкентайының туылғанына 8 күн болды. Қазір өзі тыныс алып, басқа бөлімшеге көшіріп жатырмыз. Осы бөлімшеде ең ұзақ жатқан бала болды, ол 2 айға жуық жатты. Жақында ғана шықты. Жарты жылдың ішінде көп нәресте емделіп, жақсы болып кетті.

Жуырда орталықта бірінің салмағы – 4, екіншісінікі 5 келіден асқан
екі ер бала дүниеге келіпті. Қала тұрғыны Виктория Грюнвальд
екінші сәбиін кеше құшағына басты. Ұлын кесір тілігі арқылы туыпты. Баласының салмағы 3 келіден асады, жағдайы жақсы.

ВИКТОРИЯ ГРЮНВАЛЬД, қала тұрғыны:

– Дәрігерлер маған кесір тілігін жасатуға кеңес берді. Себебі, бірінші баламды да осылай тудым. Өздігімнен босану қауіпті деді. Мамандар жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеді. Жансақтау бөлімшесіне жатып шықтық. Жағдайымыз жақсы.

Перинаталдық орталықта кадр мәселесі жоқ. Барлығы – 200-ге жуық дәрігер бар. Перзентхана қыркүйек айында тағы 4 маманмен толығады. Олар: гинекологтар мен неонатологтар.

 

Гульден Симбаева