Өнеркәсіп

Заңсыз балық аулаудың алдын алу

Елорда да өткен брифингіде “Бекіре-2023” акциясы қорытындыланды. Балықты қорғауға арналған акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Шараның мақсаты – браконьерлік іс-әрекеттерді және балық түрлерінің заңсыз айналымын анықтау. Мамандардың айтуынша, қылмысқа баратындардың 80 пайызы – жұмыссыздар. Нәпақасын адал жұмыс істеп таба алмағандар балыққа заңсыз қармақ салуды жөн көреді екен.

ӘЛІШЕР ЖАРМАҒАМБЕТОВ, Әкімшілік полиция комитеті табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы:

– Бірінші себеп – азаматтарымыздың экологиялық әдептілік деңгейінің төмендігі. Оңай ақша табамын деп қоршаған ортаға қандай зиян келтіретіндігін түсінбейді. Екінші себеп – жұмыспен қамту деңгейінің төменділігі. Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын браконьерлердің 80 пайызы – жұмыссыздар.

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжа тапқысы келетіндерге арнайы жаза қарастырылған.

АЯН БАХИЯНОВ, Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің баптарына сәйкес тыйым салынған балық аулау құралдарын қолданған жағдайда жеке және заңды тұлғаларға 20 АЕК айыппұл салынады.

Алдағы уақытта бұл айыппұлдың мөлшерін 2 есеге көтеру жоспарланып отыр екен. Ал тәртіпті 2-ші рет бұзғандар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

 

Аснурия Абдула