Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 2030 жылға қарай 40 пайызды құрайды. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 23,4 пайызға өсіп, шамамен 2 млн кәсіпорынды құрады. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 18 пайыздан артып, 4,1 млн адамға жетті. Нәтижесінде экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 33,3 пайыздан 36-ға дейін жетті. Бизнес нысандарының өнім шығару көлемі 28 пайызға ұлғайып, 59 трлн теңгеден асты, деп атап өтті министр. Сондай-ақ, былтыр шағын және орта бизнесті қолдау аясында 1,3 трлн теңгеден астам несие сомасына 46 мың жоба субсидияланды және кепілдендірілді. Ал ағымдағы жылдың соңғы 5 айында 586 млрд теңгеге 10-нан астам жоба кепілдендірілген екен. Биыл субсидиялауға және кепілдік беруге 266 млрд теңге бөлініпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 96 млрд теңгеге көп.
Самал Жунусова