Спорт

Теріскейлік жас спортшы ММА еркін күрестен әлем чемпионы атанды

Солтүстікқазақстандық Богдан Багаев ММА еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Мәскеуде өткен дүбірлі додаға 8 елден 300-ге жуық спортшы қатысыпты. Байрақты бәсеке маусымның 24-і мен 26-ы аралығында өткен. Қазақстаннан 6 бала жолдама алғанымен қаржылық мәселеге байланысты тек Богдан ғана қатысыпты. Ел намысын мойнына арқалаған жас чемпион жеңісті қолдан бермепті.

БОГДАН БАГАЕВ, ММА еркін күрестен әлем чемпионы:

– Басында қатты қобалжыдым. Кейін жаттықтырушы “Біз саған сенеміз, сен жеңіске жетесің” деген сөздерінен кейін бойымдағы сенімділік арта түсті. Бірінші қарсыласым дағыстандық спортшы болды. Қалған қарсыластарымды да жеңу қиынға соқпады.

Богдан сенімсіздікке бой алдырғанын өз жаттықтырушысының жырақта болғанымен түсіндірді. Дегенмен, екеуі үнемі телефон арқылы сөйлесіп, әдіс-тәсілдеріп пысықтап отырған. Жаттықтырушысы Мардан Боранбаевтың айтуынша, жас спортшы – өзінің дегенінен қайтпайтын алғыр бала. Қайсар мінезінің арқасында биіктерден көрініп жүр екен.

МАРЛЕН БОРАНБАЕВ, Богдан Багаевтың бапкері:

– Багдан бұл спорт түрімен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Өзін әрқашан мықты жағынан көрсетіп жүр. Ол бұған дейін 2 мәрте облыс чемпионы болды. Өңіріміздің ғана емес Қостанай облысының да үздігі атанды. Ал шетелге алғаш рет шығып тұр.

Спортта балаға ата-ананың қолдауы аса қажет. Әр жетістікке жеткен спортшының артында өскен ортасы, жанұсы тұрады. Сол сияқты Богданның да қолдаушылары – әкесі мен анасы.

ЕГОР БАГАЕВ:

– Баламыздың жеңіске жеткенін естігенде қатты қуандық. Қорқынышымыздың бәрі су сепкендей басылды. Еліміздің туын көкке көтеріп, мақтанышы болып жатыр. Ары қарай да осы қарқынмен жеңіс шыңдарын бағындыра береді деп ойлаймын. Барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.

9 жасында қатарластарының арасында әлем чемпионы атанған Богдан Багаев өзге де дүбірлі додаларда топ жаруға сақадай сай.

 

Акжунис Мухатай