Қоғам

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Евгений Кочетов келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Евгений Кочетов келді. Министрдің орынбасары Смирново ауылына соғып, «TULGA BOL» жылжымалы жәрмеңке және консультациялар автобусы» жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Жәрмеңкеде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға 5 мекеменің өкілдері жұмыс ұсынды.
Жұмыс іздеп жүрген адам саны аз емес.

Жәрмеңкеде жастарға басымдық берілген сыңайлы. Мамандар олардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін баяндады.

БАҒИЛА ЖӘМӘЛИЕВА, Аққайың ауданы экономика және қаржы бөлімінің бас маманы:

– Маған 15 адам жолықты. Оларға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы айттым. Аталған жоба аясында жас мамандарға 100 АЕК, яғни 345 мың теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үймен де қамтамасыз етіледі.

Аудан әкімі Рүстем Елубаевтың айтуынша, ауданда, әсіресе, ауыл шаруашылығына жас мамандар керек. Өйткені, осы бағытта ашылып жатқан нысандар баршылық.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:

– Ауданда 4 сүт зауыты бар. Онда 50-ге жуық жұмыс орны құрылды. Бізге жас мамандар қажет. Былтыр құс зауыты ашылды. Нысанда 170-ке жуық адам жұмыс істейді. Алатын жалақылары көңілге қонымды. Қажет болса үймен қамтылады.

Министрдің орынбасары Евгений Кочетов Смирноводағы мәдениет үйіне кіріп шықты. Оның ішіндегі спорт зал да назардан тыс қалған жоқ.
Мәдениет үйінің жанында стадион бар. Нысанға былтырдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Мердігер – “Еңбек-Астана” серіктестігі.
Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Мердігер нысанды шілденің ортасында тапсыруы тиіс. Вице-министр бұдан кейін
дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне соқты. Нысанда 19 спорт түрінен
400-ден астам бала жаттығады.

 

Гульден Симбаева