СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров М.Жұмабаев ауданында болды

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров М.Жұмабаев ауданына барып қайтты. Жұмыс сапары барысында өңір жетекшісі Ганькино ауылы тұсында салынып жатқан жолдың сапасын бағамдады. Кіреберіс жолдың ұзындығы – 2,8 шақырым. Жобаға облыстық бюджеттен 159,3 млн теңге бөлінген. Шаруаға «СтройДорСервис» серіктестігі бір ай бұрын кірісіпті.

ГЕВОРГ КАРАПЕТЯН, «СтройДорСервис» ЖШС директоры:

– Жұмысты шілде айының соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Шұрық-тесік жерлер тегістеліп, үстінен жоба бойынша 15 см қылып цемент қосылған қоспа төселеді. Содан кейін 6 см-лік асфальт төгіледі. Жол жөндеу жұмысына 8 адам мен 6 техника жұмылдырылған.

Негізі, бұл жоба осы маусым айында толығымен аяқталуы тиіс екен. Бірақ, мердігер жұмыс кестесінен қалыс қалып келеді. Аймақ басшысы іске қарқын қосуды тапсырды. Шаруа шілденің дәл ортасында тәмам болуы керек деді Айдарбек Сапаров. Жалпы, 3 жыл ішінде ауданда 239 шақырым жол жөнделген. Осы мақсатқа 7,8 млрд теңге бөлініпті, ал биыл 2,8 млрд қарастырылып отыр. 55 шақырым жөндеу көрмек. Өзге бағытта атқарылып жатқан істі білу үшін облыс әкімі Чистовское ауылының тұрғындарымен жүздесті. Ағайынды ашындырған мәселер баршылық. Елді мекенді дамыту жұмысы сылбыр жүргізілуде.

– Ауылдың барлық көшелері қашан жарықтандырылады? Шамдар орталық көшелерде ғана бар. Ал шеткі аумақтарда түнде тастай қараңғы. Сол жерде тұратындардың басым көпшілігі – зейнеткерлер.
– Мектеп орналасқан көшенің жолы шұрық-тесік. Жүріп-тұру мүмкін емес. Бір шара қолданыла ма?

Ауылдағы су мұнарасы да әбден тозыпты. Толығымен ауыстыру қажет дейді тұрғындар. Сондай-ақ, балаларға арналып ойын алаңқайы салынса дейді. Өз жұмысын жергілікті ірі серіктестік те дұрыс атқармауда. Шаруа қожалығының иелігіндегі мәдениет үйіне 25 жыл бұрын қара құлып салынған. Оны жөндеп, халық игілігіне беруге қалталы азамат асығар емес. Дәрігерлік амбулаторияның да жағдайы мәз емес. Жаңбыр жауса төбесінен су сорғалап тұрады. Бір сөзбен айтқанда атқарылатын жұмыс шаш-етектен. Аймақ басшысы орталық көшені асфальттауға және амбулаторияны жөндеп, балалар алаңқайын салуға қаражат бөлінетіндігін айтты. Ал мәдениет үйіне қайта қан жүгірту ісін серіктестік басшылығына жүктеді. Жұмыс сапары соңынба облыс әкімі «Березка» сауықтыру лагеріне соқты. Демалыс орны 2008 жылы ашылған. Мұнда биыл 320 ұл-қыз демалмақ.

МҰРАТ ОРТАМЫШЕВ, «Березка» балалар сауықтыру лагерінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Қазір 54 бала тынығып жатыр. Аудандағы барлық ауыл балалары келе алады. Жыл сайын бізде демалуға балалар үйінің тәрбиеленушілерін шақырамыз. Бір маусым 10 күнге созылады. Әр жасаққа 3 қызметкер қарайды.

Аймақ басшысы балалармен де тілдесті. Айдарбек Сапаров ұл-қыздардың күнделікті күн тәртібімен танысты.

– После завтрака свободное время. В кружках занимаемся.
– А какие кружки здесь?
– Теннис, стрельба, волейбол, пионербол, танцы.

Лагерьге келу үшін алынатын бір жолдаманың бағасы – 35 мың теңге. Жыл сайын келушілердің тең жартысы демалыс орнында тегіе тынығады. Олар – аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар.

 

Алдияр Айтпаев