Қоғам

“Кәсіпке бағыт” жобасы іске асырылуда

Біліктілікті арттыру курсы – мол мүмкіндік, зор тәжірибе. Өңірімізде “Мен кәсіпкермін” мемлекеттік қолдау құралы іске асырылып жатыр. Оның бір бағыты “Кәсіпке бағыт” деп аталады. Осы жобаның аясында шағын және орта бизнес иелері іскерлік әлеуетін арттыру мақсатында тегін оқытудан өте алады. Қазіргі таңда “Пасека-Қызылжар” серіктестігінің омарташы-сарапшысы Дмитрий Степура ара өсіру бағытының қыр-сырын үйретуде. Бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен маманның 35 жылдық тәжірибесі бар екен.

ДМИТРИЙ СТЕПУРА, “Пасека-Қызылжар” ЖШС омарташы-сарапшысы:

– Барлығы – 16 кәсіпкер оқып жатыр. Бүкілінің тәжірибесі мол. Бірақ, маңыздысы бұл емес, білімді әрдайым толықтырып отыру қажет. Облыстық қауымдастықта ара өсірумен айналысатын 200-ден астам адам бар. Алайда, көбісі тек бал алумен ғана шектеледі. Негізінде қанатты жәндіктің берері көп. Мысалы, балауыз, прополис, тозаң, ара желімі, уы және тағы басқасы. Мұның бәрін дұрыс игере білу керек.

Дмитрий Степура осы құнды өнімдерді дұрыс өндіріп, табысты қалай арттыруға болатындығын түсіндірді. Алдағы уақытта Аққайың ауданындағы орман алқабына барып, тәжірибе жүзінде де көрсетеді. “Кәсіпке бағыт” жобасына кіретін салалық бағыттар мұнымен шектелмейді. Бұдан бөлек тағы 4 бағыт бар екен. Олар: туризм, балық пен тұқым шаруашылығы және сүтті ірі қара мал өсіру.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Өңірде осы 5 сала бойынша барлығы – 60-қа жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Егер бір шаруашылық түріне 15-ке жуық ұсыныс келіп түссе, оқыту сабақтарын бірден бастаймыз. Дәріс 4 күнге жалғасады. 2 күн бойы теориялық сабақ өтсе, 2 күн тәжірибелік болып саналады.

Маусымның 26-сы басталған ара өсіруге арналған оқыту курстары шілденің 3-і аяқталады. Курс соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады. Сондай-ақ, оқытушы кәсіпкерлердің атынан 3 айлық ақпараттық қолдау көрсетіледі.

 

Аснурия Абдула