Қоғам

СҚО-да өткен жылы 2 млрд 409 млн теңге игерілмей қалған

Қолданыссыз қалған қыруар қаражат. Өткен жылы өңір бюджеті 442 млрд 30 млн теңгені құраған. Оның 99,5% тиісті мақсатқа бағытталыпты. Ал қалғаны игерілмеген. Пайдаға жаратылмаған сома 2 млрд 400 млн теңгеден асады. Мәселе бүгін облыстық қоғамдық кеңесте көтерілді.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Қозыбаев университетінің жаңа оқу-зертханалық корпусын салу кезінде қажетті дүниелердің уақытылы жеткізілмеуіне байланысты 879 млн теңгеге жуық қаражат іске жаратылмай қалды. “Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл” бағытындағы облыстық маңызы бар жолдағы көпір салу жұмысы да көңіл көншітпеді. Кестеден қалыс қалудың салдарынан 250 млн теңге игерілген жоқ. Жас Өркендегі 250 орынға арналған емханада құрылысы да жоспарға сай жүргізілмей жатыр. Мұнда шамамен 360 млн теңге тиісті мақсатқа жұмсалған жоқ.

Жалпы, былтыр денсаулық саласына 10 млрд 688 млн теңге бөлініпті. 200-ден астам медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішіне МРТ, КТ, УЗИ, маммограф сынды заман игіліктері кіреді. Сондай-ақ, 15 санитарлық көлік жеткізілді. Енді білім беруге тоқталайық. Былтыр бұл бағытқа 125 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл 2021-ші жылмен салыстырғанда 17% көп екен.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Білім деңгейін көтеріп, ұл-қыздарға жайлы жағдай жасау мақсатында мекемелерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,5 млрд теңге бөлінді. 2019-2021 жылдар аралығында 296 мектеп қалыпқа келтірілді. Ал өткен жылы 32 нысан жөндеу көрді. Ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 1 млрд 691,7 млн теңге бағытталды.

Қазір Тайыншада 2 мектеп бой көтеріп жатыр. Бірі – аудан орталығында, екіншісі Вишневка ауылында орналасқан. Сондай-ақ, облыс орталығында студенттерге арналған 1400 орындық қос жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.

 

Алдияр Айтпаев