Қоғам

Өңір халқы Құрбан айт мейрамын қарсы алды

Таңғы 7-лер шамасы. «Қызылжар» облыстық орталық мешітіне жиналған жамағаттың қарасы қалың. Берекелі мерекеде мұсылман қауымы бір сапқа тізіліп, айт намазын оқыды. Ине шаншар жер жоқ. Үлкен залға сыймағандары дәлізге жайғасып жатты.

Міне, игі амалдардың бірі орындалды. Айт намазы оқылған соң жамағат бір-бірін құттықтап, құшақтайды. Шүкіршілік етіп, игі тілектерін білдірді. Өкпе-реніш болса кешірім сұрап, татуласады.

– Бүгінгі келген айтымыз құтты болсын. Бар қазаққа айтымыз қабыл болсын.
– Бұл – өте керемет және асыл мереке. Үлкен, берекелі дастархан жаямыз. Үйге қонақ шақырып, қонаққа барамыз.
– Құрбан айтымыз құтты болсын! Бұл мұсылмандардың ең үлкен мерейтойы дейміз. Құрбан шаламыз. Ата-бабаларымызға арнап аят оқытамыз.

Мұсылман қауымы Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза ұстайды. Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы бұл мерекені 3 күн тойлайды. “Құрбан” сөзінің мағынасын орталық мешіттің наиб имамы Мақсат Жұмажан түсіндіріп кетті.

МАҚСАТ ЖҰМАЖАН, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

– Пайғамбарымыз айтқандай, мұсылман өмірінде екі маңызды мереке бар. Соның ең әуелгісі Ораза айт болса, екіншісі – Құрбан айт. Құрбан айт сөзінде үлкен мағына жатыр. “Жақындау” дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға жақындау. Шамасы жеткен адам Раббысы үшін, отбасы мен елінің амандығын тілеп, құрбандық шалып, осы мерекені атап өтуі тиіс.

Жерлестеріміз дәстүрден жаңылмады. Малды сату мен сою ісі биыл да Космонавт көшесі, 2 мекенжайындағы арнайы орында өтіп жатыр.

АЯН БОЛАТҰЛЫ, облыстық «Қызылжар» орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушы:

– Барлық санитарлық талаптарға сай қасапханамыз бар. Қасапханамызда арнайы сертификат алған, семинардан өткен қасапшылар қызмет жасап жатыр.

Алла разылығы үшін құрбан шалғандардың бірі – Бақытбек Бекмұрзин. Ол мұнда зайыбы екеуі келіпті. Отасқандарына 45 жыл болған теріскейліктер жыл сайын ел мен отбасының амандығы үшін дұға тілеп, мал сояды екен.

БАҚЫТБЕК БЕКМҰРЗИН, қала тұрғыны:

– Бүгін қадірлі, қасиетті күн. Құрбан айтқа қой іздеп келдік. Таңдап қойдық, Мен қойды 75-ке келістім. Бағалары жақсы. Үлкен қой алдым. Құрбанымыз құтты болсын! Жылдан-жылға аман-есен жете берейік. Алла Тағала сойған құрбанымызды қабыл етсін!

Құрбан шалу дәстүрі сонау Адам ата кезіңен бастау алады. Сойылған малдың етін үшке бөлу керек. Бір бөлігін игі амалдардың бірін орындаушы өзіне алып қалса, екіншісін туған-туыс, көрші-қолаңға таратады. Ал, үшіншісін мұқтаж жандарға жеткізеді.

АЯН БОЛАТҰЛЫ, облыстық «Қызылжар» орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушы:

– Мұқтаж жандар назардан тыс қалмайды. Олардың қуанышына, ризашылығына бөлену үшін қолдан келгенше әрекет етеміз. Qurban2023.kz сайтқа өтініш берген жандардыің бәріне жеткіземіз. Онлайн форматта – 30-ға жуық, ал офлайн түрде 47 адам тапсырыс берді. Өрттен зардап шеккен 11 отбасыға да үлестіреміз. Жалпы, былтырғыдай 300-ге тарта отбасыны қамтимыз деп ойлап отырмыз.

Құрбан айт қарсаңында 700-ге жуық мал арнайы тексерістен өткен екен.

 

Аснурия Абдула