ТКШҚоғам

Облысқа жұмыс сапарымен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Энергетика министрі келді. Алмасадам Сәтқалиев өз сапарын 2-ЖЭО-дан бастады. Кәсіпорынның бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, бүгінде жаңа мұржа салу үшін негізгі құрылымдар салынып, тиісті инфрақұрылым тартылды. Сондай-ақ, министр қазандықтың жөнделу барысын байқады.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

– Белгілі себептерге байланысты жөндеу жұмыстары бір айға кешіктірілуде. Мамандар қазандықтағы жөндеу жұмыстарын маусым айында аяқтаулары тиіс еді, енді шілденің аяғына шегеріліп отыр. Ең бастысы, станция жылыту маусымы басталмай тұрып толық дайын болуы тиіс.

Бұдан әрі Алмасадам Сәтқалиев өңір жұртшылығымен кездесіп, облысты газдандыруға қатысты жоспармен бөлісті. Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда газдың қосымша көлемі жоқ. Сол себепті, өңірлерге ресурс жеткізу мүмкіндігі болмай тұр. Мәселені шешудің бірден-бір жолы – газды ресейлік серіктестерден сатып алу.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

– Ресейлік әріптестермен алдын ала келіссөздер жүргіздік. Қазіргі таңда тиісті жоба әзірленуде. Ресей тарапы Қазақстанға газ құбырын өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстан газ экспортының аумағына айналуы мүмкін.

Жылу және электр энергиясына тарифтердің көтерілу мәселесі де қозғалды. Мамандар мұны қондырғыларды жөндеуге қажетті шығындармен байланыстыруда. Солтүстікқазақстандықтардың айтуынша, халықтың әлеуметтік деңгейі мен еңбекақысы компанияның тарифтік саясатына сәйкес келмейді.

– АО «СЕВКАЗЭНЕРГО» пришло в Департамент с заявкой на повышение тарифов на телплоэнергию. По годам – 3-4 млрд в этом году, 4-6 – в следующем, и 6-4 млрд в 2025 году. И того – 14,5 млрд. Но при этом рост против утвержденного тарифа уже к 2025 году – 41%.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

– Электр энергиясын үнемді тұтынудың бірден бір жолы әлеуметтік тариф енгізу. Ол энергетиктердің де, халықтың да қажеттіліктерін ескеретін болады. Жылуға тек келісілген, бекітілген шығындар кіреді деген шешім қабылданды.

Қазандық агрегаттарын жөндеуге келетін болсақ, мамандар жобаны ауыстыруды жұмысшылардың жетіспеушілігімен байланыстыруда. Қазіргі таңда 200 бос жұмыс орны бар. Елде кадр жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Алмасадам Майданұлы министрлік бұл мәселені шешу үшін бірқатар іс-шараны қолға алатынын атап өтті.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

– Аймақтық электр желісі компаниясына ерекше назар аудару қажет. Жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізілуі тиіс. Біз облыс әкімдігімен бірлесіп, активтердің меншік иелеріне тиісті міндет қойдық. Жақын уақытта бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз.

Кейін Алмасадам Сәтқалиев азаматтарды жеке қабылдады. Солтүстікқазақстандықтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Энергетика министрі барлық өтініштер бақылауға алынғанын атап өтті.

 

Самал Жунусова