СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Күні кеше БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Мемлекет пен халық арасында көпір атанған жандардың жұмысы оңай емес. Жаңалықтардың жаршысы болған мамандарға жылдамдық, ұшқыр ой мен сауаттылық қажет. Осы арқылы олар елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына өз үлестерін қосады. Ақпарат майданындағы қызметкелерді атаулы күнмен өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров құттықтап, сала тізгініндегі жандарға табыс тіледі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздерді барлықтарыңызды шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бұл – үлкен мереке. Шынымен де журналистердің жұмысы оңай емес. Сіздер әрқашан да алдынғы қатарда жүресіздер. Суық пен ыстыққа қарамайсыздар. Тек жақсы жаңалықтарды ғана емес бүкіл мәселелерді қозғайсыздар. Мен әр жаңалықты оқып отырамын. Ол маған жұмыста уақытылы тез шешім қабылдауға көмек береді. Біздің алдымызда үлкен жұмыстар тұр. Облыстың дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер.

Құттықтау сөзден кейін саладағы үздіктер марапатталды.

Облыс әкімінің Алғыс хатымен “Вести” серіктестігінің директоры Неля Гончар марапатталды. М.Жұмабаев ауданындағы баспа басылымның жұмыс істеп жатқанына 90 жыл болған. Ондағы тілшілер өзекті тақырыптарда қалам тербейді.

НЕЛЯ ГОНЧАР, “Газета Вести” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Серіктестікке “Вести” мен “Мағжан жұлдызы” басылымы кіреді. Соңғысының шығарылып жатқанына биыл 15 жыл толды. Оқырмандар саны күнделікті көбеюде. Дамып жатырмыз. Бүгінгі марапат – тек менікі ғана емес, тұтастай ұжымның еңбегі.

Құрмет-қошаметке қаламыздағы арна мен басылымдардың қызметкерлері де бөленді. Еңбектері еленгендердің арасында біздің арна мамандары да болды.

 

Алдияр Айтпаев