Қоғам

БАҚ қызметкерлері арасында өткен байқаудың жеңімпазы анықталды

“Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” республикалық байқауының облыстық кезеңі БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында өтті. Шығармашылық додаға 10-ға тарта маман қатысты. Оза шапқандар бүгін “Үздік мақала” және “Үздік телебағдарлама” номинациясы бойынша марапатталды. Алғашқы аталымда Қазақстанның құрметті журналисі Өмір Есқали топ жарды. Ол байқауға өзекті тұстар қамтылған жұмысын жолдапты.

ӨМІР ЕСҚАЛИ, Қазақстанның құрметті журналисі:

– Мемлекеттік тіл – үлкен мәселе. Тілдер туралы заң бар. Ол 1989 жылы 19-ші қыркүйекте қабылданған. Одан бері 34 жыл өтіп кетті. Былтыр Тіл туралы заң үшін 150 мыңдай қол жинау керек болды. Облысымыздан 500-дей қол жинап, жіберген болатынбыз. Депутаттар мәселені қайта қарап, бір ретке келтіреміз деп отыр. Бұл дұрыс. Тілдің мәртебесін анықтау қажет.

Ал “Үздік телебағдарлама” номинациясында арнамыздың тілшісі Ақжүніс Мұқатай екінші орынға табан тіреді. Жас маман Петропавлда қазақ тілін оқытатын курс бойынша материал әзірлеген болатын. Қазылар әріптесіміздің жұмысын жоғары бағалапты.

ЕРНИЯЗ СҰЛТАНОВ, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау. Мемлекеттік тілдегі өзекті проблемаларды талқылау, сонымен қатар, ана тіліміздегі контентті ұлғайту болып табылады. Бұл байқауда қойылатын талап – мемлекеттік тіл туралы мақала жазу.

Сайыстың дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанына 10 жылға таяп қалды. Бүгінгі байқау жүлдегерлері марапатқа ие болды. Жеңімпаз өңіріміздің намысын қыркүйек айында республикалық додада қорғайтын болады.

 

Акжунис Мухатай