Мәдениет

“Арт-класс” балет би тобы Бурабайдан жеңіспен оралды

Кезекті жеңіс! Жергілікті “Арт-класс” балет би тобы республикалық сайыста топ жарды. Бұл жолы олар Бурабайда өткен “Summer dance” атты байқаудан олжалы оралды. Шарада 5 пен 12 жас аралағындағы өнерпаздар сахнаға 20 мәрте шығыпты. Қазылардың жоғары бағасына ие болған ұжым 6 бас жүлдені, 9 бірінші орынды және 5 екінші орынды қанжығаға байлады.

КСЕНИЯ РАДИОНОВА, “Арт-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі:

– Бұл жолы да жүлделеріміз көңілден шықты. Дайындығымыздың жоғары болғаны қазыларға бірден байқалған сияқты. Жақсы тәжірибе жинап қайттық. Қыздардың қуанышында шек жоқ.

“Арт-класс” балет би тобы 50 өнерпаздан тұрады. Олардың арасында Ясмин Садықова да бар. Небәрі 4 жасында қатарға қосылған жеткіншек қазір ұжымның беткеұстарына айналған.

ЯСМИН САДЫҚОВА, “Арт-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының бишісі:

– Бұл біздің алғашқы сайыс емес. Мен 3 биге қатыстым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны қытай биі болды. Ашық түстегі киіміміз өзімізге жарасып, сахнаның сәнін келтірді. Бурабайдағы байқау менің есімде ұзақ сақталады.

Байқаудан олжалы келген өнерпаздарды жақындары күтіп алды. Келешекте мың бұралған бишілер талай шыңды бағындыруды жоспарлап отыр.

 

Акжунис Мухатай