Білім

СҚО-да аттестациялаудан 2 мектеп өтпеген

Оқу жылының басынан бастап өңірдегі білім беру ошақтарында аттестациялау жұмыстары жүргізілді. Биыл барлығы – 130 нысан қамтылды. Нәтижесінде 63-і сәтті өтсе, 48-іне екінші мүмкіндік беріліпті. Қалған 20-сында жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

КҮЛЗАҒИРА НҰРТАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бөлімінің бас маманы:

– Қазір аттестаттау жұмыстары онлайн түрде өтеді. Бұрынғыдай мектепке барып жүргізбейміз. Білім туралы заңның 59-шы заңында бұл туралы жазылған. Әрбір білім мекемесі өздерін бағалау жұмыстарын жүргізеді. Қорытындысы департаментке жолданады немесе өздерінің сайттарына жүктеледі. Содан кейін арнайы құрылған топ сол жұмыстарды зерделейді. Сондай-ақ, әр түрлі электрондық базалар арқылы бақылауға мүмкіндігіміз бар. Мысалы, күнделік.

Аттестацияның мақсаты – білім ұяларында жүргізіліп жатқан жұмыс пен білім сапасының мемлекеттік талаптарға сәйкестігін анықтау. Аттестациядан бірден өте алмаған жағдайда екінші мүмкіндік беріледі. Ондай жағдайда мамандар белгілі бір мерзім тағайындап, сол уақыттың ішінде білім ұясындағы мәселелерді анықтап, қалпына келтіруге көмектеседі. Жыл басынан департамент қолдауымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мұғалімдерге “Өрлеу” орталығы арқылы семинарлар өткізілген.

АЛЕНА МАЛЬГАЕВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Орта мектептерде көп жағдайда білім берушілер құрамының сапасына қатысты мәселе туындайды. Онымен қоса, білім мекемесінде кейбір жағдайда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар сақталмай жатады. Бұл -қаржыландыру бөліміне қатысты сұрақтар. Электронды “Күнделік” парақшаларының толтырылмайтын да кездері болады.

Өткен жылы аттестациялаудан 7 колледж өтіп, 8-і оқу жоспарының дұрыс құрылмауына байланысты өтпей қалған. Ал биыл барлығы – 15 колледж сынақты сәтті тапсырыпты. Мектепке дейінгі білім беру ошақтары бақылау жұмысынан жаз мезгілінде өтеді. Бүгінге дейін 18-і қаралған.

 

Акжунис Мухатай