Қоғам

Жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Петропавлдықтар “Qyzyljar art” орталығына жиылуда. Мұнда жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған қаланың 15-тен астам ұйымы қатысты. Атап айтқанда, мұражай бірлестігі, сауда нысандары, зауыттар, полиция және ТЖ департаментінің өкілдері төбе көрсетті. Бірнеше сағаттың ішінде соңғы аталған ведомство мамандарымен 20-ға жуық адам тілдесіпті.

– Приглашаем на должность пожарного, водителя и сотрудника пожарных автомобилей. Образование должно быть не ниже среднего, обязательно военный билет. Заработная плата у них составляет от 165 тысяч тенге и выше, ежегодно добавляется квалификация. Это плюс 10% к окладу.

Мамандығы барларға жұмыс табу оңай. Ал жоқтарға қиындау. Дегенмен, жәрмеңкеге келгендердің дені – оқушылар. Олар жаз мезгілінде қол қусырып отырмай, уақыттарын тиімді өткізгілері келеді.

ЛАВРЕНТИЙ СОЛДАТЕНКО, қала тұрғыны:

– Жәрмеңкеге достарыммен келдім. Бізді IT мамандығы қызықтырады. Өкінішке қарай, жұмыс таба алмадық. Өзім веб-сайттың дизайнері болғым келеді. Мектеп тәмамдаған соң Алматыға IT мамандығы бойынша оқуға түскім келеді.

Шараны ұйымдастырушы – белсенді жастар. Олар күннің суығына қарамастан жұмыс берушілер мен жұмыс іздегендердің басын қосуды жөн көріпті.

ГАЛИНА БАБУШКИНА, «AMANAT» партиясы СҚОФ «Жастар Рухы» жастар қанатының кеңесшісі:

– Жәрмеңкенің мақсаты – Петропавл жастарына кеңес беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу. Мектеп түлектері көп келді. Дегенмен, оларға жұмыс табу оңай емес. Негізі, бұл шара колледж және университет түлектеріне арналған.

Қоса кетейік, облыс орталығында жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ай сайын өткізілмек.

 

Самал Жунусова