Қоғам

Өрт сөндірушілер “Ашық есік күні” шарасын өткізді

АСНУРИЯ АБДУЛА, тілші:

– 28-маусым – БАҚ қызметкерлері күні. Мерекеге орай өрт сөндірушілер “Ашық есік күні” шарасын ұйымдастырды. Тілшілер мұнда құтқарушы мамандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Қазір облысымызда 864 өрт сөндіруші қызмет етеді. Олардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Мұны қарымды қалам иелері көзбен көріп, жиі жазып жүр.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Күнделікті облыс бойынша 122 адам және 44 техника қызметке түседі. 9:40-тан түске дейін сабақ кестесі бойынша жеке құраммен сабақ өткізіледі. Қызметкерлер күнделікті тәжірибе жүргізіп, жаттығып отырады. Ал түнгі уақытта 23:00-ден таңғы 6-ға дейін құрамға демалыс жарияланады. Ал апатық жағдайдан хабар келіп түскенде қызметкерлер дереу сол жерге аттанады.

Бұл – байланыс пункі. Шұғыл жағдай туралы қоңыраулар осы жерге түседі. Өрт қаупі артып тұрған қазіргі мезгілде күніне шамамен 60-70 адам жүгінеді екен.

Әрине, дабыл қағылғанда құтқарушылар тез киінуге кіріседі. Олардың үстінде арнайы киім, тыныс алуға арналған аппарат, панорамалық бетперде, өрт белдігі және баста дулыға болуы шарт. Мұның бәрі 15 келіден асады. Мамандар кем дегенде 18 секундтың ішінде дайындалып,
1 минутта бөлімшеден шығулары керек.

Арнайы киіммен тілшілер оқу-жаттығу барысында жүріп те көрді. Кедергілерді бағындырды. Түтеп тұрған оттың арасынан өтті, жалынға су шашты. Оның өзі оңай емес. 1 секундта 8 литрге дейін су шашырайды. Иықтағы аппарат еңсені басты. Мұның бәрі өрт сөндірушілердің еңбегі ерлік екенін тағы бір ұғындырды.

ҰЛАН ЫДЫРЫС, «Қызылжар» телеарнасының тілшісі:

– Бұл іс-шара маған қатты ұнады. Мына кішкентай ғана кедергі жолақтарынан өтсем де қатты шаршап қалдым. Қорқыныш та болды. Лабиринт дейді. Сол жерден өткенде қиналып қалдым. Түк көрінбейді. Өрт сөндірушілер бірінші орынға басқа адамның өмірін қояды. Соларды құтқаруды ойлайды. Өрт сөндірушілердің жұмысы – нағыз батыр азаматтардың жұмыс деп ойлаймын.

Осы орайда 20 жыл өрт ауыздықтап келе жатқан білікті маман Самат Жапаровпен тілдестік. Ол былтыр Қостанай облысына қарасты Әулиекөлде болған тілсіз жауды сөндіруге қатысыпты.

САМАТ ЖАПАРОВ, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі:

– Күнде түрлі оқиғалар болады. Бірақ, біз оларды уақытылы бағындыруға тырысамыз. Мысалы, Әулиекөлкедегі Аманқарағай ауылындағы өртті сөндіруге қатыстық. Онда 45 мың гектар жер өртенді. Сөндіру күші жетіспеді. Бізде +20 градус ыстық болса, ол жақта +39 градус ыстық болды. Орман, жануарлар, халықтың үйлері күйіп кетті. Біз онда 6 күн болдық. Үйге кетпек болғанда халық жылап, алғысын білдірді.

Көрсеткен ерлігі үшін Самат Жапаров Президент медалімен марапатталыпты. Жалпы, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен “Ашық есік” күні шарасына 10-ға тарта БАҚ өкілі қатысты.

 

Аснурия Абдула