Қоғам

Өңірде 10 мың көлік заңдастырылды

Шілдеге санаулы күндер қалды. Осы орайда шетелдік көлік тізгіндеген жандар мамандандырылған ХҚКО-ға ағылуда. Қазір елде темір тұлпарларды заңдастыру жұмысы қызу жүргізілуде. Мекемелерде ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Облыс орталығында да шаруа қызған. Орталық осы айдың 22-сінен бастап күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Құжаттар кешкі 7-ге дейін қабылданады. Ал дайын қағаздар 20:30-ға дейін беріледі. Күніне мамандар 120-140 өтінім қабылдайды екен.

ЖАҚСЫЛЫҚ КЕНБАЙ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕ АҚ СҚОФ басшысының міндетін атқарушы:

– Заңдастыру бірнеше қадамға бөлінеді. Бірінші кезекте азаматтар көлікті заңдастыру бойынша өтінім берулері керек. Оны еGov арқылы немесе екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы беруге болады. Екінші – көлікті тексеру. Тексеріс Нефтепровадная, 7 мекенжайында өтеді. Криминалистерден өткеннен кейін бізге қайта келеді.

Ол кезде азаматтар шетелдік көліктің құжатын, техникалық куәлігі және сату- сатып алу келісімі ұсынулары керек. Осының барлығы айна-қатесіз орындалса темір тұлпарды заңдастыруға болады. Ескере кететін жайт, заңдастыруға 2022-ші жылдың 1-ші сәуіріне дейін елімізге кіргізілген көліктер ғана жарамды. Бүгін көлігін заңдастыру үшін Ғ.Мүсірепов ауданынан Сергей Федоров арнайы келіпті. Бірер сәттен кейін азамат тұлпарына қазақстандық нөмір тақпақ.

СЕРГЕЙ ФЕДОРОВ:

– Көлігім Ресейден 2018-ші жылы әкелінді. Маған дейін бірнеше иесі болды. Заңдастыру жақсы өтіп жатыр. Өтінімді қыста беріп қойғам. Бірақ, ол кезде қаржылық қиындықтар болып, заңдастыруды кейінге қалдырдым. Жалпы, процесс екі күнге созылды. Нөмір алғаннан кейін емін-еркін жүре алатыныма қуаныштымын.

Жалпы, шетелдік көліктерді заңдастыру үшін азаматтардың қалталарында 215 мың теңге шамасында ақшасы болуы керек. Айта кетейік, қаңтар айынан басталған науқан барысында өңірде 10 мыңнан астам көлік заңдастырылды.

 

Алдияр Айтпаев