Қоғам

Косметолог қайтарымсыз грант арқылы кәсіп бастады

Надежда Есимова – косметолог. Ол былтыр “Бастау Бизнес” жобасы аясында курстан өтіп, қайтарымсыз грант иеленді. Мемлекет қаржысына бет терісіне диагностика жасайтын мынандай заманауи аппарат сатып алынды. Қытайлық қондырғы 1 млн 300 мың теңге тұрады.

Косметолог “Бастау Бизнес” жобасының талабы бойынша өзі курстан өткен салонға жұмысқа тұрды. Облыс орталығында уақыт өткен сайын танымалдылығы артып келеді. Айта кету қажет, азаматшаның медицина саласында бірнеше жылдық тәжірибесі бар.

НАДЕЖДА ЕСИМОВА, косметолог:

– Мен 11 жыл ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункте, қалалық емханада жұмыс істедім. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан кейін адамдарға басқа бағытта көмек көрсету бойынша ой келді. Косметологияны таңдадым. Қуанышыма орай, мемлекет қолдауының арқасында арманыма жеттім.

Маманның сөзінше, көп адамдар үй жағдайында бет терісіне дұрыс күтім жасамайды. Нақтырақ айтсақ, қажетті өнімдерді қолданбайды. Бұл терінің құрғауына, қызаруына және әжімнің пайда болуына алып келеді.

НАДЕЖДА ЕСИМОВА, косметолог:

– Қолданыстағы аппарат қазіргі және болашақта пайда болуы мүмкін проблеманы дәл көрсетеді. Терідегі олқылықты көпке созбай түзеу керек. Әйтпеген жағдайда бет бүлініп немесе сырт көзге жағымсыз орындар, дақтар қалуы мүмкін. Бұған жол бермес үшін мен үй жағдайында қолданылатын өнімдердің тізімін ұсынамын.

Надежда Есимованың көмегіне көбіне әйелдер жүгінеді. Алайда, соңғы уақытта келуші ерлердің де саны артыпты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Беттегі әжім – көп адамды толғандыратын мәселе. Мына заманауи қондырғының көмегімен осы әжімнің кезеңдерін анықтауға болады екен. Яғни, бастапқы кезең, ортаңғы кезең деген сияқты. Соған сәйкес косметолог маман қорытынды шығарып, әжімдерді жою бойынша ақыл-кеңес береді.

“Бастау Бизнес” жобасы биыл да жалғасын тапты. Ағымдағы жылы бастама аясында әлеуметтік аз қамтылған санаттағы петропавлдықтарға 60 грант берілмек. Бүгінгі күнге дейін 24 адам мемлекеттік қолдауға ие болыпты.

 

Байболат Култанов