Қоғам

Демалыс орындарында туристерге жағдай жасалған ба?

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Бұл – Шалқар көлінің жағасында орналасқан “Изумрудное” демалыс базасы. Демалыс аймағы 4 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде мұнда демалуға келетіндердің саны айтарлықтай көбейіпті. Сонымен бірге туристерге жасалатын жағдай да артуда. Демалыс базасында биылдың өзінде біраз жаңашылдық пайда болды.

МАРИНА КОРНИЛОВА, “Изумрудное” демалыс базасының әкімшісі:

– Биыл демалыс базасының кіреберіс жағына баскетбол мен футбол алаңдарын салдық. Көптен күткен асхана ашылды. Алдағы уақытта тағы бір спорт алаңы құрылады. Бізде воркаутпен айналысуға болады.
Кішкентай туристерге де уақытын тиімді өткізу үшін тиісті жағдай жасалып жатыр.

«Изумрудное» базасының қонақтары жылда тұрақты түрде келіп тұрады. Демалыс орнымен жаңа танысып жатқандар да баршылық. Ирина Ведмедёва солардың қатарында. Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны енді жылда келіп тұрамын дейді.

ИРИНА ВЕДМЕДЁВА, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:

– Құрбыммен және қызыммен келдім. Келгенімізге жарты күн ғана болды. Демалыс орны көңілімізден шықты. Бөлмелері таза, жарық әрі жылы. Ауа райына қарамастан серуендеп үлгердік. Күн жылынған соң тағы келіп, суға шомыламыз.

Демалыс базасында демалушыларға қалауына қарай бөлме немесе тұтас үй беріледі. Үстінен шатыр жабылған жайлы орындықтар да бар. Бұның бәрін қалтаның қалыңдығына қарай жалға алуға болады.

МАРИНА КОРНИЛОВА, “Изумрудное” демалыс базасының әкімшісі:

– Алдағы уақытта қысы-жазы жұмыс істейтін 2 үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Әрұайсысына 10 адамнан орналаса алады. Жаз мезгіліне арналған кем дегенде 3 үй тұрғызылады. Автотұрақ пайда болады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

«Изумрудное» демалыс базасында жылдың кез келген мезгілінде демалуға болады. Жазда суға шомылып, қайықпен жүзсе, қыста шаңғы мен коньки тебуге болады. Монша бар. Бұның бәрі тегін, жалдау құнына кіреді. Жалпы, демалыс базасындағы қонақ үйден бөлме жалдау тәулігіне 25 мың теңгеден басталады, ал жер үй 35 мың теңге тұрады.

 

Самал Жунусова