Қоғам

Жастар тәжірибесі бойынша жұмыспен қамтамасыз ету

Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға “Жастар тәжірибесі” жобасы зор мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарлама аясында түлектер өз мамандығы бойынша тәжірибеден өте алады. Өздерін жақсы қырларынан көрсетсе жұмысқа қабылданады. Мұндай жандарға жұмыс орындарындағы жалақыдан бөлек қосымша қаржы қарастырылған.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Оқу орындарының түлектеріне қосымша жұмыс орындарын құру үшін 1,2 млрд теңге қаржы көзделген. Қатысушылардың жалақы мөлшері 103 500 теңгені кемінде болады. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы кемінде 12 айға созылады. Жыл басынан бері жастар тәжірибесіне 139 адам жіберілді.

Түлектер үшін тәжірибе болмаса жұмысқа орналасу қиын. Евгений Катунин медициналық колледж бітіріп әскер қатарына шақырылды. Отан алдындағы борышын өтеп келген жас екі қолға бір күрек іздеп дал болған. Кейін “Жұмыспен қамту “орталығына көмекке жүгінген. Біраз уақыт кинезотерапия орталығында тәжірибеден өткен. Қазір ол буын ауруымен ауыратын және отадан кейінгі адамдарға жәрдем береді.

ЕВГЕНИЙ КАТУНИН, кинезотерапия орталығының қызметкері:

– Жұмысқа бірден үйреніп кеттім. Қазір тәжірибе аяқталғандықтан ресми түрде жұмысқа орналастырды. Осы уақытқа дейін буын ауруларына шағым айтып көптеген адамдар келді. Олардың барлығына барынша көмектестік. Бір оқиғамен бөліссем. Орта жастағы әйел апатқа ұшырап бізден көмек сұрады. Балдақпен осында келіп, соңғы сабағымызда ешқандай көмексіз өзі жүріп кетті. Осындай жағдайларда өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім артады.

Кинезотерапия орталығы 2019 жылы құрылған. Содан бері омыртқа және буын аурулары бар адамдарға көмек беріп келеді. Бұл жерде ең бастысы – емдік шараны дұрыс қою. Кейін пациенттердің жаттығулары мен одан әрі қалпына келу барысын мұқият қадағаланады. Осы орталықтың жетекшісі біліктілікті арттыру курстарынан тұрақты негізде өтеді. Алған білімін өз командасына үйретеді. Команданың жартысы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша осы орталықта істейді.

ҚАЙРАТ ЖҰМАДИ, кинезотерапия орталығының директоры:

– Былтыр бізде 2 адам жастар тәжірибесі бойынша мемлекеттік бағдарламаны бітіріп, тұрғылықты жұмысқа кірісті. Негізі, бұл бағдарлама жас кәсіпкерге өте ыңғайлы. Себебі, жалақы бойынша ақшаны үнемдеп, бизнес дамытуға бағыттауға болады. Жалпы, бұл орталықта 5 адам емдік дене шынықтыру инструкторы бойынша жұмыс істейді. Біреуі – жастар тәжірибесі, екеуі – алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша. Бізде балалардан бастап егде адамдарға дейін ауырсынуы бар адамдарды қабылдаймыз. Жас шектеуі жоқ.

Жыл басынан бері жастар тәжірибесіне 139 адам жіберілді. Айта кетейік, толық ақпарат алу үшін соңғы 5 жылда оқуын аяқтаған жастар тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады.