Мәдениет

Петропавлда этнофестиваль өтті

Қазақ, орыс, татар, армян. Тізім жалғаса береді. Петропавлда дәстүрлі этнофестиваль өтті. Көңілді әрі тағылымға толы іс-шара «QYZYLJAR» арт-орталығында ұйымдастырылды.

Бір-бірін жастықпен ұру, қаппен секіру. Фестиваль аясында қонақтардың қатысуымен түрлі ойындар ойнатылды. Жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды. Мұндай бастама үлкеннің де, кішінің де көңілінен шықты.

ДАМИР БИКМЕТОВ:

– Әжеме қонаққа келгем. Мені фестивальге алып келді. Жаңа ойындарға қатысып, блокнот пен шоколад жеңіп алдым. Қуанып тұрмын.

САРА ЖАКИНА, қала тұрғыны:

– Бүгінгі біздің демалыс күніміз өте қызықты өтті. Осы шараны ұйымдастырған жандарға алғыс білдіремін.

Этнофестивалді ән-бисіз елестету мүмкін емес. Ашық аспан астындағы басқосуда жергілікті таланттар көрерменді тәнтті етті. Кейбір қонақтар билеп, шараның көркін қыздырды.

Ал мына жерде он саусағынан бал тамған шеберлердің туындыларымен танысуға болады. Бірінен-бірі өткен қолөнер жұмыстарынан бірнеше ұлттың нақышы байқалады.

ЗУЛЕЙХА БИКМЕТОВА, облыстық ҚХА татар-башқұрт мәдени орталығының төрағасы:

– И знакомим мы со своим прикладным искусством. Наш колорит. Наша национальная одежда. Самая изюминка в ней – цветок тюльпан.

Бұл шараны облыстық Ассамблеяға қарасты жастар қанаты ұйымдастырып отыр. Оның төрағасы Дариға Смаилова былтыр осындай бастамамен байқауға қатысып, топ жарыпты.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Өткен жылдың қазан айында “Менің мекенім – Қазақстан” атты жоба әзірлеп, байқауға ұсындым. Жолым болды. Бүгін осындай тамаша шара өткізіп жатырмыз. Әр түрлі ұлттың өкілін шақырдық.

Белсенді жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар шілде айында этносаяхат атты шара ұйымдастырмақ. Оның аясында өңіріміздің қасиетті жерлерін аралау жоспарланып отыр.

 

Байболат Култанов