Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз жол” атты жедел-алдын алу шарасы

Көлік жүріп тұр. Жанар-жағармайы жеткілікті. Бұл жолға шығуға болады деген сөз емес. Жүргізушілер темір тұлпардың жағдайынан басқа өз денсаулығына көңіл бөлуі керек. Шаршаңқы күйде рөлге отырсаңыз, орны толмас оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Осындай жайттардың алдын алу мақсатында түнде полицейлер дәрігерлермен бірлесіп рейд жүргізді. Шара барысында ақхалатты жандар жүргізушілердің қан қысымын, жүрек импульсін тексерді.

ЖАСЛАН СӘДУАҚАСОВ, облыстық ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:

– СҚО ПД “Шұғыл медициналық көмек көрсету облыстық орталығының” қызметкерлерімен бірлесіп ауыр жүкті, жолаушылар автокөлік құралдарының жүргізушілерінің денсаулық жағдайын, әсіресе, артериялық қысымның жоғарылауы, шаршау, сондай-ақ, жүргізушілердің қобдишасында дәрі-дәрмектердің болуы тұрғысынан тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар жалғастырылуда. Осы іс-шара тұрақты түрде өтетін болады.

Жол-көлік оқиғаларына көбіне шаршаңқы күйде көлік тізгіндеген жандар тап болады. Бұл әлемдік тәжірибеден белгілі дейді мамандар. Қауіпсіздік ережесін көкшетаулық Андрей Карташов жақсы біледі. Ол – білікті көлік жүргізуші.

АНДРЕЙ КАРТАШОВ, көлік жүргізуші:

– Жолда әр 2-3 сағат сайын демалып, тәулігіне 7-8 сағаттан артық рөлде отырмауға тырысамын. Қанша дегенмен адам ағзасы шаршайды. Сондықтан, жолда сақ болу керек.

Маусымның 22-сінен бастау алған рейд “Қауіпсіз жол” атты жедел- алдын алу шарасы аясында өтті. 4 күннің ішінде 1400-ден астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелді. 17 мас жүргізуші ұсталды.

 

Аснурия Абдула