Спорт

БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі спартакиада өтті

Маусымның 28-і – БАҚ қызметкерлері күні. Мереке қарсаңында қаламы қарымды жандар арасында дәстүрлі спартакиада өтті. Тілшілер спортты материалда ғана насихаттамай, өздері де үлгі болуы қажет. Олар түсірілім барысында спортшылардың жеңіске жету жолындағы ерік-жігеріне куә болады. Міне, енді олар да бүгін осы сезімді сезінді.

Барлығы – 7 команда қатысты. Жарыс бағдарламасы спорттың 5 түрін қамтыды. Қатысушылар волейбол, үстел теннисі, шахмат , шағын футбол және арқан тартыстан бап пен күш сынастырды. Жарыс волейболдан бастау алды. Алғаш болып әріптестеріміз бен мен меншікті тілшілер кездесті. Әуесқой спортшылар жеңіске жету үшін барын салды. Бар күшімен допты ұрды, шабуылға тойтарыс беремін деп құлап та жатты. Бірі қолын көгертсе, енді бірі аяғын соғып алып жатты.

БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, МТРА редакторы:

– Жылдағы БАҚ өкілдері арасында спартакиадаға келіп қалдық. Биылғы құрама орташа деңгейде деп айтар едім. Шахматтан жылда бір жүлдеге ие болатынмын. Биыл енді Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді ғой, бір қателіктер орын алып, 7-ші орынға ие болдым. Қатысудың өзі де ерлік деп санаймын. Әзірге, волейболшыларымыз тамаша өнер көрсетіп жатыр. Жаңа ғана “Қызылжар” құрамасын 2:1 есебімен жықты. Барлығымыз жанкүйер болып, қолдап жатырмыз.

Ойын соңында командалар арасында жалпы есеп бойынша 1-ші орынды облыстық ішкі саясат басқармасының құрамасы иеленді.
Волейбол ойынымен қатар үстел теннисі, шахмат жүріп жатты. Бұл спорт түрлері көп күшті қажет етпесе де, ептілік пен машық керек. Мұнымен кез келген адам шұғылдана алмайды. Үстел теннисінен 1-ші орынды тағы да ішкі саясат басқармасының құрамы иеленсе, шахматта меншікті тілшілер үздік атанды.

Бәсі биік бәсекенің қызу қарқыны футболда байқалды. Шапшаң жігіттер біразға дейін бір-біріне дес бермеді. Алда келе жатқан ішкі саясат басқармасының құрамасы аудандық тілшілерге есе жіберіп, 2-ші орынға тұрақтады.

РҮСТЕМ АРМАНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасы құрамасының қызметкері:

– Осындай шара өткені өте пайдалы. Себебі, денсаулық – зор байлық екені баршамызға мәлім. Қазіргі таңда футбол құрамасында ойнадым. 1-ші ойын қиын болды. 2:1 есебімен жеңдік. 2 голды да салған мен болатынмын. Командада 10 адам бар. Ішкі бәсекелестік бар десем де болады. Өйткені, мен волейболға да жақсымын. Шахматты да жақсы ойнаймын. Алайда, футболға ғана қатыстым. Себебі, өзге де мықты ойыншыларымыз жетерлік.

Соңғы сайыс – арқан тартысқа да кезек келді. Бұл жарыста бірнеше секундтың ішінде қалай жеңіп-жеңілгеніңді байқап та үлгермейсің. Керемет тактика, күш пен ұйымшылдықтың арқасында МТРА құрамасы жеңімпаз атанды.

БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, МТРА редакторы:

– Жалпы, мұндай жиындар біздерге аса қажет. Басқосуларда бір серпіліп қаламыз. Шабыт аламыз. Бір-біріміздің арамыздағы достық байланыс одан әрі нығая түседі. Осы ақпарат атты айдында еркін жүзуге, тыныстауға, жұмыс барысында қарым-қатынас орнатуға әсер етеді деп ойлаймын.

БАҚ өкілдері арасындағы тартысты дода өз мәресіне жетті. Жүлдегерлер кубок, медаль және грамоталармен марапатталды.

 

Аснурия Абдула