ТЖ

Өрт сөндірушілердің оқу-жаттығуы

Петропавлдағы Астана көшесі, 9 мекенжайындағы үйден түтін шықты.
От 3 подъезді баспананың 5-ші қабатындағы пәтерде тұтанды.
Тұрғындардың бірі дереу өрт сөндіру қызметкерлерін шақырды. Мамандар оқиға орнына құстай ұшып келді. Сайлап қойған бес сайманын шығарып, лезде іске кірісті.

Қуанышқа орай, бұл – кезекті оқу-жаттығу шарасы. Бірақ, жаттығу жиынының өзінде өрт сөндірушілер бірнеше кедергіге тап болды. Біріншісі: есік алдына қалай-болса солай қойылған көліктер. Бұл араға өрт сөндіру көлігі кіре алмақ түгілі жақындай алмады. Екіншісі: ауладағы аспанмен таласардай болып өскен ағаштар. Аялы ағаш саялы болса да бей-берекет өскен кезде өз зиянын тигізетін көрінеді. Яғни, адамды сатымен құтқару кезінде бұтақтары кедергі болады.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Қалалық өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Яғни, 7 адам және 2 көлік. 1 өрт сөндіру көлігі мен 1 бірлік автосаты. Біздің өрт сөндіру көліктерінің ені мен ұзындығы ұзын және көлемі үлкен. Сондықтан, кез келген жерде еркін өте алатындай жағдай болуы керек. Жергілікті атқарушы орган және үй тұрғындары бірлесіп, өсіп тұрған ағаштың бұтақтарын кесу туралы шешім қабылдауы қажет. Өзара келісуі керек.

Оқу-жаттығу кезінде 20-ға жуық тұрғын эвакуацияланды. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, аулада дұрыс қойылмаған көлік иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-ші бабы бойынша айыппұл салынады. Айыппұл көлемі – 10 АЕК, яғни 34 жарым мың теңге.

Мамандар биыл барлығы – 6 оқу-жаттығу жұмысын жүргізген. 6 айдың ішінде қаладағы көпқабатты үйлерде 4 өрт тіркелген.

 

Аснурия Абдула