Мәдениет

Өңірде Түркиядағы Аналар күні аталып өтілді

Түркияда 1955 жылы 22 маусым күні Аналар күні болып бекітілген.
Өзгелері сияқты түрік халқы да ананы ерекше қадірлейді.
Айтқанына құлақ асады, қамқорлығын көрсетеді, аялап-ардақтайды. Ал осы күні аналарын таң сәріден ерекше құттықтап, құшақтарын гүлге толтырады екен. Петропавлдағы “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің өкілдері осы мерекеге орай кеш өткізді.

ДИЛЯРА ХАСАНОВА, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Ананың баласына деген махаббаты шексіз. Ананың аялы алақаны, айтқан әрбір жылы сөзі жанға жылу сыйлайды, қуат береді. Аналардың қоғамдағы рөлі орасан зор. Олар адам тәрбиелейді. Бүгінгі шарада оқылған өлең шумақтары анаға арналған.

Анадан жырақта болу бала үшін де, ана үшін де қиын. Лейла Танрикулу Петропавлға анасын мерекемен құттықтау үшін сонау Түркиядан келіп отыр.

ЛЕЙЛА ТАНРИКУЛУ:

– Өзім осы жақтың тумасымын. 2-ші сыныпқа дейін Петропавлда оқыдым. Кейін әкем Стамбул қаласына жіберді. Жиі келіп тұруға тырысамын. Мен үшін Петропавл қаласының орны бөлек.

Ана – әр отбасының алтын діңгегі. Тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Ана жүзіне мереке күндері ғана емес, күн сайын күлкі сыйлау – әр перзенттің парызы.