Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып халықаралық конференция өтті

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, Алаш қайраткері, солтүстіктің тумасы Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне – 130 жыл. Осыған орай облыс орталығында «Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Алқалы жиынның шымылдығын өңір басшысы Айдарбек Сапаров ашты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарымен келген кезінде Мағжан Жұмабевтың 130 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу керек деді. Биылғы жыл облысымызда “Мағжан жылы” деп жарияланды. Кемеңгер ақынның 130 жылдығына орай сан алуан мәдени іс-шаралар өтуде. Ұлы ақынның баға жетпес шығармашылығы мен мұрасын насихаттау ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге, өскелең ұрпақтың бойына дарытуға бағытталып отыр.

Шараға Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан ғалымдар мен қайраткерлер келіп отыр. Олар Мағжанның туындыларын зерттеген. Бүгінгі басқосуда кезек-кезек сөз алып, ойларымен бөлісуде. Ақиық ақынға келетін болсақ, теріскейдің тумасы – күллі түркі жұртының перзенті. Ол қылышынан қан тамған заманда Алаштың азаттығы үшін күресті. Солақай саясаттың кесірінен атылды, шығармаларына тыйым салды. Арыстың еңбектері 60-шы жылдары Түркияда жарық көре бастапты. Хулия Касапоглу сол тарихи әділдік орын алған жерден келіп отыр. Нәзікжанды жылдың соңына дейін ғалымдармен бірігіп, Мағжан туралы кітап шығармақ.

ХУЛИЯ КАСАПОГЛУ, Ankara Haсі Bayram Veli Universitesi профессоры, Түркия:

– Мағжан – Түркияда белгілі ақын. Оның өмірбаяны мен өлеңдері университетімізде оқытылады. Мағжанның өлеңдерінде ұлттық дүние бар. Қазақ тілі мен түрік тілінің жақындығын көре аламыз. Мағжан ұлттық қозғалыс кезінде барлық ақынға әсер етті деп ойлаймын. Мысалы, Мехмет Акиф Эрсойдың «Бұлбұл» деген өлеңі бар. Туындыны Мағжанның «Бұлбұл» өлеңімен салыстырсақ, екі ақын әңгімелескен сияқты. Ұқсастықтары көп.

Халықаралық конференцияда 10-нан астам баяндамашы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулерімен бөлісті Залдың бір бөлігінде ақынға арналып көрме де қанат жайды.

 

Гульден Симбаева