СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Айдарбек Сапаров тілшілердің сұрақтарына жауап берді

Елордада өткен брифингіде аймақ басшысы Айдарбек Сапаров тілшілерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Толассыз келіп түскен сауалдардың бірі Қызылжар ауданына қатысты. Бескөлде биыл сумен қамтуға қатысты мәселе туындаған. Облыс әкімі түйткіл шешімін тауып жатқанын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Суға жаздыгүні екі есе сұраныс болады. Өйткені, тіршілік көзі бау-бақшаларға да керек. Бескөл халқы суды магистральдан тура алған. Сол себепті, қысым төмен болды. Қойылған резервуар пайдаланылмаған. Қазір тапсырма бердім. Комиссия құрылды. Қазір әр резервар тазартылып, насостар қалпына келтіріліп жатыр. Жұмыстар жүргізілуде.

Журналистер Айдарбек Сапаровтан Петропавлдағы полигон жайлы да сұрады. Қатты қоқыс жиналатын аумақ қазір 80%-ға толып тұр. Пайдалану мерзімі де аяқталуға жақын.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл полигон 1996 жылы ашылған. Қазір жер таңдап жатырмыз. Үш аумақты қарастырып қойдық. Депутаттармен және халықпен келісіп, қай жер қолайлы болатынын шешеміз.

Тілшілер облыс орталығындағы ескі қоғамдық көліктерді де тілге тиек етті. Өңір жетекшісі автопарктің жаңартылуы бойынша былай жауап берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қалада 180 автобус жүреді. 100-і жаңартылды. Биыл тағы 20 көлік жаңартылмақ. 24-25-ші жылдарда автопарк 100%-ға жаңартылады деп жоспарлап отырмыз. Серіктестіктермен кездесіп, қолдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Маршруттарға субсидия бөліп отырмыз. Өйткені, халық жақсы автобуспен жүруі тиіс.

Брифингіде сан саладағы мәселелер қаузалды. Шарада Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің орындалу барысы туралы да айтылды. Айдарбек Сапаров облысымыздағы Ресеймен шекаралас аумақтардың дамуын баяндады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Президенттің тапсырмасы болды. Оған өзіміз жоспар құрдық. Бізде 6 аудан Ресеймен шекаралас. 93 ауыл бар. Ол жақтарға көңіл бөліп, жағдайымыз келгенше қаржы бөліп, жұмыстарды жасап жатырмыз. Бюджеттен басқа сол жердегі шаруашылықтармен келісімшарттарымыз бар. Олар да сол аумақтарды дамытуға өз үлестерін қосып жатыр.

Брифингіде өңір жетекшісіне барлығы – 35 журналист сұрақ қойды. Көпшілікті өңірдегі игерілмей жатқан жерлерді қайтару, өңірге кадр тарту және жол жөндеу мәселесі толғандырды. Сондай-ақ, эпизоотиялық ахуал мен ЖЭО-ның жағдайы сөз болды.

 

Алдияр Айтпаев