Қоғам

Ұлы Отан соғысының басталғанына 82 жыл толды

1941 жыл маусымның 22-сі. Таңғы төртте шырт ұйқыда жатқан жұртты зеңбіректің дыбысы мен атылған оқ оятты. Герман әскері соғыс ашпаймыз деген келісімді бұзып, КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. 82 жыл бұрын болған сұрапыл майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Тең жартысы елге оралған жоқ. Соғыста қаза тапқан батырларды еске алу мақсатында жұртшылық “Мәңгілік алау” ескерткішіне жиылды. Бір минуттық үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды. Боздақтардың рухына тағзым етті.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Біз бүгін еске алу күнін өткізіп отырмыз. Қалалық ардагерлер кеңесі, басқа да қоғамдық ұйымдар біздің мәңгілік алауға келіп гүл шоқтарын қойдық, еске түсірдік.

Сұрапыл соғысқа куә болғандардың бірі – Ирина Сидельникова. Нәзікжанды ол кезде небәрі 5 жаста болыпты. Ленинград блокадасында қалған. Бүгін қария ескерткіш басына қаза болғандарды еске алу үшін арнайы келіп отыр.

ИРИНА СИДЕЛЬНИКОВА, қала тұрғыны:

– Соғыс басталған күні отбасымызбен көрші үйге қонаққа келген болатынбыз. Бір сәтте барлығы радиоға құлақ түрді. Онда неміс әскері КСРО әскеріне соғыс ашқандығы жайында айтылды. Ол кезде ата-аналарым жас еді. Әкем бірден шақыру куәлігін алып, майдан даласына аттанды. Сол күннен бастап әкемді көрмедім.

Майданға аттанған 46 мыңнан астам жерлесіміз соғыста қаза тапты. Солтүстікқазақстандықтар Мәскеу, Сталинград шайқастарына қатысқан. Соның ішінде 50-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

 

Аснурия Абдула