Қоғам

Соғыста ажал құшқан және із-түссіз жоғалған сарбаздардың рухына құран оқылды

Әр шаңырақты шайқаған Ұлы Отан соғысына елімізден 1,5 млн адам қатысқаны тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Соның 600 мыңы майдан даласында көз жұмды. Ал 271 мың жауынгер із-түссіз жоғалды. 22 маусым – Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күніне орай күллі Қазақстанда ажал құшқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің рухына құран бағышталды.

Бұл бастамадан теріскейліктер де шет қалмады. Олар “Қызылжар” облыстық орталық мешітінде “Бесін” намазынан кейін алақан жайып, тізеден су, толарсақтан саз кешкен сарбаздардың рухына құран бағыштады. Келушілердің бірі – Бейбіт Әбілев. Азаматтың атасы және атасының 2 немере інісі соғыста болыпты. Өкінішке қарай, жерлесіміздің Жолболды Шәкенов есімді жақыны хабарсыз кеткен. Қазір бұл кісінің сүйегі «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігі арқылы іздестіріліп жатыр екен.

БЕЙБІТ ӘБІЛЕВ, қала тұрғыны:

– Бұл кісі 1944 жылы жоғалып кеткен. Қорғаныс министрлігіне, Ресейдегі архивтерге жаздық. Әзірге, хабарсыз отырмыз.

Елімізде «Atamnyn Аmanaty» қоғамдық бірлестігі 4 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде бірлестік өкілдеріне аталарын іздеген 7 мыңнан астам қазақстандық жүгініпті. Нәтижесінде 2 мыңнан аса жауынгердің аты-жөні мен топырақ бұйырған жері анықталған.

 

Байболат Култанов