Мәдениет

Мағжанның құрметіне арналған поэзия кеші

Мағжан жыры мәңгілік. Облыс орталығында осындай атаумен ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған поэзия кеші өтті. Бүгінгі шарада аудандық және қалалық мектептердің оқушылары, студенттер мен кітапхана оқырмандары Мағжанның поэзиясына терең шолу жасады. Шара шымылдығы жергілікті өнерпаздардың ән-шашуымен ашылды.

Шараға Аққайың және Қызылжар аудандарының оқушылары да қатысып отыр. Барлығы – 10-ға жуық жеткіншек. Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің 6-сынып оқушысы Фариза Пердебай Мағжанның “Мен сүйемін” өлеңін мәнерлеп оқып берді.

ФАРИЗА ПЕРДЕБАЙ, Қ.Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

– Бұл өлеңнің маған ұнайтыны мәнерлеп айтылуы өте керемет. Туған ел туралы жақсылап сипатталған. Мен осы шара үшін 2 күн жаттап, мәнерлеуге дайындалдым. Мен бұған дейін осындай жарысқа қатысып, 3-ші орын алғанмын.

Бүгін ортаға 50-ге жуық өнерпаз шықты. Бірі Мағжанның өлеңін оқыса, бірі өз арнауын тарту етті. Шара соңында қатысқандары үшін марапатталып, көрерменнің құрметіне ие болды. Облыстық кітапханада әр апта сайын Мағжан оқулары байқауы ұйымдастырылып тұрады. Мерейтойдың аясында осы қарқында белсенді жұмыс істейміз дейді кітапханашы Дамира Серікбаева.

ДАМИРА СЕРІКБАЕВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:

– Бүгінгі кеште қатысушылар Мағжанның өлеңдерін үш тілде оқиды. 44 Мұндай кештер оқырмандарымызға, барлық жұртшылыққа маңызы зор деп ойлаймын. Себебі, Мағжанның шығармашылығына үңіле отырып бойларына жақсы қасиеттерді сіңіреді.

Бұл – қаламызда Мағжанға арналған көп шараның бірі. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде де арнайы көрме қанат жайыпты. Наурыз айының ортасынан бастау алған көрмеде жерлесіміз туралы ақпаратқа қанығуға болады. Біртуар тұлғаның барлық өмірбаяны туралы кеңінен білгісі келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік.

МЕРУЕРТ ТІЛЕКОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Көрмеде ақынның шығармашылығы мен оқу оқыған кездері көрсетілген. Мағжанның портретіне бөлек қабырға арнадық. Бұл суреттің де өзіндік мәні бар. Сондай-ақ, пайдаланған ыдыс-аяғы, жұмыс істеген үстелі мен орындығын да қойып қойдық.

Көрме келесі жылдың наурыз айына дейін жұмыс істейді. Музей мамандары әр келушіге барлығын тиянақты түрде түсіндіріп береді.

 

Акжунис Мухатай