Ауыл шаруашылығы

«Атамекен Агро» серіктестігі техникаларын жаңартуда

«Атамекен Агро» серіктестігінде техниканың қатары толықты. 3 жылдың ішінде агроқұрылым жаңа комбайндар, тракторлар мен тұқым себу кешендерін лизингке алған.

САЙЛАУБАЙ ӘУБӘКІРОВ, «Атамекен Агро» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– 2022 жылы біз 11 «Claas Trion» комбайнын сатып алдық. Инвестиция көлемі 1 млрд 592 млн теңгені құрады. 2023 жылдың көктемінде 43 млн-нан астам субсидия алдық. Біздегі бір комбайнның құны – 144 млн 770 мың теңге. Қазіргі уақытта 56 мың гектардан астам егіс алқабында 7 кешен жұмыс істейді.

Өңірде трактор мен комбайн құрастырудың нәтижесінде жергілікті аграрилер үшін жоғары деңгейдегі техника қолжетімді болып отыр. Тегеурінді техника өзге аймақтарда да зор сұранысқа ие. Су жаңа техникалардың өнімділігі жоғары. Ескілері жиі істен шығып, жұмыс тоқтап қалатын дейді жұмысшылар. Қуаныш Исқақовтың «Атамекен Агро» серіктестігінде жұмыс істегеніне биыл 6 жыл болады.

ҚУАНЫШ ИСҚАҚОВ, механизатор, Жамбыл ауданы:

– Бірінші келгенімде «Jonh Deere»-ге міндім. Қазір жаңа комбайн жүргізіп жүрмін. Ескі техника арасында сынып қалатын. Бірақ, сайманды уақытында әкеліп тұрдық. Жаңа техникалар тамаша. Жаңаның аты жаңа ғой.

Ескі техника сатылуда. Әзірге, бұрынғы партиядан 9 комбайн ғана қалды. Қазір серіктестікте барлығы – 20 астық жинау кешені бар.

АЗАМАТ НҰРҒАЛИЕВ, «Атамекен Агро» ЖШС бас инженері, Жамбыл ауданы:

– Бұған дейін бізде 27 егіс кешені болған. Бұлар: «Jonh Deere», «Buhler». Сепкіштер де болды. Олар үлкен емес еді. Қазір ұзындау келгенімен жұмыс істеп жатырмыз. Шаруа аз уақыттың ішінде аяқталады.

Бір кешен егіс кезеңінде 8 мың гектарға дейін алқапқа тұқым себеді. Оған шамамен 25-26 күн кетеді. Жұмысшылардың айтуынша, биыл егін егу оңай болған, ешқандай қиындық туындамапты.

АЗАМАТ НҰРҒАЛИЕВ, «Атамекен Агро» ЖШС бас инженері, Жамбыл ауданы:

– Биыл 7 егіс кешенімен 57 мың гектарға жуық алқапқа егін ектік. Қазір химиялық өңдеуден өткізіп жатырмыз. Алқаптарда жасымық, күнбағыс, бидай, зығыр, жүгері, судан шөбі мен глюцерна көтеріліп келеді. Ауа райы қолайлы. Мол өнім аламыз деген сенімдеміз.

Қазіргі таңда «Атамекен Агро» серіктестігінде 300-ден астам адам жұмыс істейді. Айта кеткен жөн, мемлекет отандық техникаға 30 пайыз, ал шетелдік техника үшін 25 пайыз субсидия төлейді. Биыл 91 млрд теңгеге 2 мыңнан аса техника сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 17,7 млрд теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда фермерлер мыңнан астам техника сатып алған.

 

Гульден Симбаева