СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні

Осыдан тура 10 жыл бұрын маусымның 23-і Президент жарлығымен мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. Мереке 2014 жылдан бастап ел көлемінде аталып келеді. Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. Бүгінде осы салада 4 мыңға жуық жерлесіміз аянбай тер төгуде. Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Құрметті әріптестер, сіздерді облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлт мәдениеті мен ел абыройын көтеретін мемлекеттік қызметкер болу – зор міндет. Дана халқымыз “Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады” деген. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.

Алғашқылардың бірі болып М.Жұмабаев ауданындағы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Райхан Иманбаева марапатталды. Нәзікжанды облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

РАЙХАН ИМАНБАЕВА, Лебяжье ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, М.Жұмабаев ауданы:

– Өте қуаныштымын. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан артық істеймін. Бұл салада қызмет істеген ұнайды. Әрине, қиындықтар болып жатады. Бірақ, шешеміз.

Ерекше құрметке ие болғандардың бірі – Сейілхан Серікбаев. Белді қызметкер облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі болып жұмыс істейді. Сейілхан Махмұтұлы мемлекеттік қызметте 30 жыл бойы тер төгіп келеді. Еске сала кетейік, ол салалық республикалық байқауда “Жергілікті атқарушы органның үздік әдеп жөніндегі уәкілі” номинациясын жеңіп алған болатын.

СЕЙІЛХАН СЕРІКБАЕВ, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

– Бізге артылған зор сенім одан әрі табанды қызмет етуімізге ықпал етеді. Барлық мемлекеттік қызметшіні мерекелерімен құттықтаймын. Өз ісінің маманы еңбекқор әрі жауапкершілігі мол азамат болуы керек.

Адал және еңбексүйгіш ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген ата-аналар да алғыс хатқа ие болды. Солардың бірі – Сәдуақасовтар отбасы. Ерлі-зайыпты – қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың ата-анасы. Жұбайлардың қуанышында шек жоқ. Әрине, перзенті жетістікке жетсе, әрбір ата-ананы мақтаныш сезімі кернейді.

АБАЙ СӘДУАҚАСОВ, қала тұрғыны:

– Қызымыз Эльвира мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істейді. Оны әрдайым қолдаймыз. Табыс тілейміз. Жұмысы жемісті болсын дейміз. Таңертең ерте кетіп, түнде кеш келеді. Енді, міне қызымның арқасында осындай марапатқа ие болып отырғанымызға өте қуаныштымыз.

Мерекелік шараға мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандар да қатысты. Олар халыққа адал қызмет етуге уәде беріп, салтанаты түрде ант қабылдады.

 

Аснурия Абдула