Құқық қорғау органдары

Полицейлер студенттер жатақханасында рейд өткізді

Жазғы демалыс бастала салысымен оқулары аяқталған студенттер екі қолға бір күрек іздейді. Бұл – есірткі сатумен айналысатын қылмыскерлерге таптырмас мүмкіндік. Олардың оңай әрі тез табыс туралы жаднамалары сайттар мен әлеуметтік желіде самсап тұрады. Жастар арам ақшаның артынан еріп, қателікке бой алдырмауы үшін тәртіп сақшылары Манаш Қозыбаев атындағы университеттің жатақханаларында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Жұмыс іздеу сайттарында курьер деп аталатын қызмет түрі жиі кездескеді. Оның қитұрқы астары білмейтін жастар тез және оңай табыс табуды қалап осында жұмысқа орналасады. Салдарынан өз өміріне орны толмас зиян келтіреді.

Студенттерге парақшалар таратылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының санкциясымен көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Оған сәйкес 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кейбір жастардың «жеңіл ақшаға» деген ұмтылысы және қылмыстық жауапкершілікті білмеуі болашақтарына балта шабуы мүмкін.

Бекжан Айбекұлы, студент:

– Бізге есірткінің зиян екенін түсіндірді. Есірткі сату үшін, есірткіні пайдалану үшін қандай жаза қарастырылғанын түсіндіріп айтты. Менің ойымша, бұл студенттерге, жасөспірімдерге өте пайдалы ақпарат деп ойлаймын. Себебі, біз жазғы демалысқа шықтық. Демалыста жұмыс істейміз. Жұмысты интернеттен қараймыз. Сол интернеттен қараған кезде бізге есірткі сататындар кездесуі мүмкін. Солардан алшақ жүруді айтты.

Өңірімізде жыл басынан бері есірткі саудасымен айналысқан 25 жасқа дейінгі 13 адам сотталған. Олар 10-12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылыпты. Тәртіп сақшылары студенттерден есірткі тасымалдау туралы хабарландыру көрген жағдайда бірден полиция бөліміне қоңырау шалуды сұрайды.

 

Акжунис Мухатай