СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров елордада өңірдің дамуын баяндады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров елордада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өлкеде атқарылған да, атқарылатын да шаруа ауқымды. Артта қалған 5 ай ішінде аймақтың ауыл шаруашылығы саласында 101 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Көрсеткішті одан әрі арттыру әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында диқандарымыз көктемде аянбай тер төкті. 4,5 млн гектарға сапасы жоғары дән уақытында себілді. Ескерер жайт, болашақта облыста техника гүрілі естілетін алқаптардың көлемі ұлғаймақ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл соңына дейін 330 мың гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 223,4 мың гектар жер қор жерлеріне жатады. Біз ол жерлерді халыққа малын жаю үшін және конкурстар арқылы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын адамдарға беретін боламыз.

Теріскей тауарлы-сүт фермаларымен көпке танымал. Өлкемізде заманауи кешендер «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қолдауы арқылы тұрғызылып жатыр. Қалыптасқан бұл үрдіске өзге өңірлердің іскер жандары қызықты. Қазір олар жергілікті тәжірибеге сүйеніп, өздерінде фермалар салуда.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мал шаруашылығының дамуымен қатар, сүт пен ет өндірісі де дамып келеді. Соңғы 2 жылда сүт зауыттарының қуаты 20%-ке ұлғайды, ет өндірісі 19%-ке өсті. “Евразиан Милк” зауытын мысал ретінде атап өтемін. Сүт-тауар фермаларын ашу есебінен кәсіпорынның жүктемесі ірімшіктің қатты түрлерін шығаруға мүмкіндік берді. Зауыт толық қуатқа шыққан кезде жылына 6 мың тоннаға дейін ірімшік өндіретін болады. Бүгінгі күні қажеттілік 2,7 мың тоннаны құрайды.

Сонымен қатар, зауыт басшылығы өңір үшін жаңа өндіріс – қоюланған сүт өндіруді жоспарлап отыр. Цехтың қуаттылығы жылына 12 мың тоннаны құрамақ. Өлкеде индустриялық сала да ұмыт қалған жоқ. 5 айдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 234,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 120%-ға жоғары. Қоса кетейік, жалпы қаржылақ түсімнің 192 млрд-тан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өсім машина жасау саласы, Петропавл қаласында ашылған бүкіл әлемге танымал CLAAS компаниясының техникасын құрастыру кәсіпорны, “Орал” мотоциклдері, трансформаторлар өндірісі, жолаушылар вагондары және тамақ өнімдері есебінен қамтамасыз етілді. Жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 595 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа кәсіпорындар есебінен көлемдерді ұлғайтамыз.

Жоспар ауқымды. Болашақта облыста жаңа үлгідегі тракторларды жинау мен тіркеме шығару көзделген. Бұдан бөлек те бастамалар баршылық. Бұл -аққайыңдар өлкесіне қомақты инвестиция тартылып жатқандығының белгісі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылдың басынан бастап облыс экономикасына 109 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы, 2023 жылы 496,5 млрд теңге тартуды жоспарлаудамыз. Мұның алғышарттары бар. Экономиканың негізгі салаларында жобалардың пулдары жасалды, 2019 жылдан бастап “Қызылжар” арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, онда инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Арнайы экономикалық аймақтың 11 қатысушысы тіркелді. Осы бағытта жұмыс жалғасатын болады.

Тұрғын үй саласына көшейік. Жыл соңына дейін облыста баспана кілті 3 мыңнан астам отбасыға табысталмақ. Аз қамтылған азаматтар 702 пәтерді иеленеді. Соның 140-ына жетім балалар орналастырылмақ. Биыл өңірде жол жөндеу жұмысы қарқын алғаны бірден байқалады. Ағымдағы жылы аймақта 705 шақырым қалыпқа келтірілмек. Нәтижесінде 47 ауылдың көшелері де жөнделеді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл сумен жабдықтауға 18 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру 2 есеге ұлғайды. Жылдың соңына қарай 18 мың адам халқы бар 31 елді мекенге су беріледі.

Ата-аналар үшін жағымды жаңалық! 1-ші қыркүйектен бастап облыстағы мектептердің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Қауіпсіздікке де ерекше назар аударылады. Енді өңірдегі білім ұяларына мамандандырылған күзет енгізіледі және турникеттер орнатылады. Баяндама соңында аймақ басшысы маусымның 25-ші жұлдызында Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толатынын айтып, мерекелік бағдарламамен таныстырды және жұртшылықты мерейтойдың құрметті қонағы болуға шақырды. Осыдан кейін Айдарбек Сапаров журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Байболат Култанов