Қоғам

Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхана салынып жатыр

Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхананың құрылысы басталды. Жоба құны – 3,2 млрд теңге. Ел қазынасынан бөлінген қаржыға аудан орталығында жаңа медициналық мекеме бой көтеріп қана қоймай, қажет қондырғылар да сатып алынады. Бұл мақсатқа 700 млн теңге бөлінген. Ал ескірген емхананың іргетасы 1960-шы жылы қаланған. Қазіргі таңда мұнда 262 медицина қызметкері еңбек етеді. Ескі ғимаратта стационар мен емхана блогы біріктірілген болатын. Жаңа нысан бұл мәселені шешуге ықпал етпек.

ЛИЛИЯ ФЕДОТОВА, Уәлиханов аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Қазір жұмыс істеп тұрған емхана толығымен стационар болмақ. Бұдан бөлек жақын уақытта арамызға 5 жас маман қосылады. Дәрігерлер мен науқастарға арналып тиісті қолайлы жағдай жасалады.

Жаңа ғимараттың құрылысы биыл маусым айынан бастау алды. Ел қазынасынан медициналық мекеменің құрылысы мен кейін оны қажет қондырғымен жабдықтау үшін 3 млрд 2 млн теңге бөлініпті. Мердігер – компания алматылық «Азамат Құрылыс» серіктестігі.

ҚҰРМЕТ ҚАППАСОВ, «Азамат Құрылыс» ЖШС учаске басшысы:

– Жұмыстың басталғанына 1 ай ғана болды. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасын қалап жатырмыз. Кейін қабырғаларын көтеруге кірісеміз. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Жалпы, құрылыс материалдарының барлығы – отандық өнім. Нысанды қиындықтар болмаса келер жылдың қаңтар айында тапсыруды жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек аудан орталығында биыл жабық бассейн, жабық мұз айдынының құрылысы бастау алмақ.

АМАНГЕЛДІ ҚОЙШЫБАЕВ, Уәлиханов аудандық құрылыс, сәулет бөлімінің басшысы:

– Бұдан бөлек биыл 5 елді мекенде су мұнарасының құрылысы қолға алынбақ. Бұл мақсатқа 1 млрд 8 млн теңге бөлінді. Аудан орталығында 16 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі, ауданда құрылыс жұмыстары қыза түсті. Барлық нысан уақытылы тапсырылады деп үміттенеміз.

250 орынға шақталған екі емхананың құрылысы Петропавлда да жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл медициналық мекемелер биыл қолданысқа тапсырылады.

 

Алдияр Айтпаев