Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Елордада халықаралық еріктілер форумы өтті

Елордада халықаралық еріктілер форумы өтті. Волонтерлік қозғалыстарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған басқосуға әлемнің 34 елінен 40-тан астам спикер қатысты. Алқалы жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанда 2020-шы жыл “Еріктілер жылы” болды. Біраз шаруа атқарылды. Еліміздегі еріктілер ұйымдарының саны 3 есеге артты. Қазір 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті.

Қатысушылар форумда еріктілердің жұмысымен байланысты бағыттарды сөз етті. Білім беру, экология, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытындағы бастамалар айтылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінде Қазақстанда кез келген адам волонтерлер қозғалысына мүше бола алатындығын атап өтті. Еріктілер қатары үнемі толығып отыруы маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд, Түркияға арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен ел еріктілеріне қолдау көрсеткен БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын.

Жалпы, форумға 400-ден астам адам қатысты. Оның 140-ы – халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік қонақтар. Одан бөлек жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар төбе көрсетті. Қатардан жергілікті белсенділер де шет қалмады.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО еріктілер фронт-офисінің төрағасы:

– Сан алуан тақырыпта 11 сессия өтті. Кейбірі бір уақытта ұйымдастырылды. Қатысушылар қайсысына баратынын өздері таңдады. Мен барлығына дерлік қатыстым деуге болады. Өзіме экология тақырыбы қозғалған сессия ұнады. Айналада көп жандар назар аудара бермейтін мәселелер баршылық. Оны тәжірибелі мамандардан естідік. Бұл форум әрбір қатысушыға күш-жігер бергені сөзсіз.

Жергілікті еріктілер елордада көтерілген мәселерді өңірде қарастырып, шешуге үлес қоспақ ниетте.

 

Алдияр Айтпаев